Алматыда джип мінген "генерал" сегіз бап бойынша жазаланды

0
1 222

​Ер адамға автотұрақ ережесін бұзып, азаматтық қаруды сақтағаны және ұсақ бұзақылық әрекеті үшін айыппұл салынды.


Алматыда джип мінген

ERNUR.KZ. Даулы бейнежазба кейіпкері сегіз бап бойынша жазаға тартылды. Сонымен қатар, ол заңсыз форма киіп, азаматтық қаруды сақтау ережесін бұзған, деп жазады sputniknews.kz.

Айыппұлдың жалпы сомасы 70 айлық есептік көрсеткішті (1 АЕК – 2 778 теңге), яғни 194 мың 460 теңгені құрады.

Бұған дейін Telegram-да форма киген егде жастағы ер адам балағат сөздер айтып, өзін өте агрессивті көрсеткен видео тараған.


"Мен ер адамнан көлігін велосипед жолағынан шығаруды сұрағанымда, ол тапаншамен атып саламын деп қорқытты", – дейді видео авторы.


"Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? Мен қызметтегі адаммын!", – деп жауап берген ер адам.


Алматылық полицейлер джиптегі "генералды" іздеп тапты.

"Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желіде тараған видеоның негізінде тексеру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, құқық бұзушының кім екені анықталды. Ол 1946 жылы туған Н. есімді азамат. Ер адам жауап беру барысында өзінің генерал емес екенін түсіндірді", – делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Құқық бұзушы Әкімшілік кодекстің сегіз бабы бойынша жауапқа тартылды:

Атап айтқанда:

  • Әкімшілік кодекстің 590-бабы, 5-бөлігі – мемлекеттік стандарттардың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралын басқару, оған сәйкес әйнегіне реңк берілген көлік құралын пайдалануға тыйым салынған;
  • Әкімшілік кодекстің 612-бабы, 2-бөлігі – көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы;
  • Әкімшілік кодекстің 590-бабы 3-бөлігі – біле тұра көлік құралына қолдан жасалған немесе жалған нөмірлік белгілерді орнату;
  • Әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігі – автотұрақ ережелерін бұзу;
  • Әкімшілік кодекстің 484-бабы 1-бөлігі – азаматтық қаруды сақтау ережелерін бұзу;
  • Әкімшілік кодекстің 486-бабы 1-бөлігі – азаматтық қаруды тіркеу ережесін бұзу;
  • Әкімшілік кодекстің 434-бабы – ұсақ бұзақылық;
  • Әкімшілік кодекстің 675-бабы 1-бөлігі – киім формасы мен айырым белгілерін заңсыз кию.

Қазіргі кезде күдіктінің формасы тәркіленіп, көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.