Алматыда таңғы уақытта есінен танып қалған қызға “көмек” көрсеткен үш ер адам оның және құрбысының қалтасындағы екі қымбат телефонды ұрлап кеткен.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Оқиға Достық, Қабанбай батыр және Зенков көшелерінің қиылысында болған, деп жазады stan.kz.
7 ақпан күні таңертең Достық, Қабанбай батыр және Зенков көшелерінің қиылысында оқыс жағдай болған. Куәгерлердің айтуынша, қыздардың бірінің кенеттен жағдайы нашарлап, ол есінен танып қалған. Қасында болған құрбысы оны есін жиғызуға тырысқан сәтте, көмек көрсетеміз деген сылтаумен үш ер адам жақындаған.
Желіде тараған видеодан да ер адамдардың екеуі алғашқы көмек көрсеткендей болғанын көруге болады. Сол мезетте қыздардың қалтасынан екі ұялы телефонды, iPhone 15 Pro және iPhone 16 Pro құрылғыларын қолды еткен. Оқиғадан кейін күдіктілер ізін суытқан.
Қолданушылар да болған жайтқа оқиғаға ашық наразылық білдірді. Олардың айтуынша, кей адамдардың көмек көрсетудің орнына видеоға түсіріп тұруы немқұрайдылықтың белгісі. Пікір қалдырушылар алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан сәтте ұрлық жасауды адамдыққа жат әрекет екенін айтып, күдіктілерді қатаң жазалауды талап етті.
Осы жағдайға қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Аталған дерек заңнамаға сәйкес тіркеліп, ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жәбірленушіге бөгде адамдар көмек көрсетіп жатқан сәтте жасалған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық бұзушылыққа қатысы болуы мүмкін тұлғалардың жеке басы анықталды. Қазір оларды ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді Салтанат Әзірбек.
Полиция азаматтарды, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда, жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға және қырағылық танытуға шақырады.
"Сотқа дейінгі тергеу барысы бақылауда. Тергеу қорытындысы бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады", – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.


