Мұсабаев Кеңсай зиратына жерленеді.
Фото Tengrinews.kz /Никита Данилин
ERNUR.KZ. Алматыдағы Офицерлер үйінде ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп жазады tengrinews.kz.
Қоштасу рәсімі таңғы сағат 09:00-де басталды. Қоштасу рәсіміне Талғат Мұсабаевтың туыстары, жақындары, әріптестері мен достары, сондай-ақ мемлекеттік және қоғам қайраткерлері жиналды.
Одан кейін 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында митинг өткізу жоспарланған. Мұсабаев Кеңсай зиратына жерленеді.
Ғарышкер Талғат Мұсабаев 4 шілде күні 74 жасында өмірден өтті. Ол 1951 жылдың 7 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный ауылында дүниеге келген. Мұсабаев – Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы. Ол ғарышқа үш рет ұшып, барлығы 341 тәулік, 9 сағат 46 минут болған. Барлық ұшулар барысында Мұсабаев сегіз рет ашық ғарышқа шыққан, бұл 43 сағат 46 минутқа созылған.