Алматыда қаруланған төрт адам дүкенге шабуыл жасады

1
1 785

Олар 72 жастағы сатушы әйелді тапаншамен қорқытып, бір рет аспанға атып, ақша сұраған.


Алматыда қаруланған төрт адам дүкенге шабуыл жасады

Алматыда дүкенге қарулы шабуыл жасалды, деп жазады Polisia.kz.

Алматының Түрксіб ауданында орналасқан азық-түлік дүкеніне жасалған шабуыл туралы дабыл “102” басқару пультіне түнгі сағат бірде келіп түсті. Қаланың жедел кезекшісі дереу жақын маңдағы патрульдік экипажды ауыр қылмыс болған жерге бағыттады.


– Полицейлерді дүкенде 72 жастағы әйел қарсы алды. Оның айтуынша, ғимаратқа медициналық бетперде киген төрт ер адам кіріп келіп, тапаншамен қорқытып, онымен бір рет аспанға атып, ақша сұраған. Алайда, олар дүкенде тағы бірнеше сатушы бар екенін көріп, қорқып, қашып кеткен. Бірақ олардың екеуі жасырынып үлгермеді. “Буран-288” патрульдік полиция экипажы осы қылмысқа қатысы бар Алматы облысы Талғар ауданының 20 жастағы тұрғындарын “ізін суытпай” ұстады. Тінту барысында күдіктілердің бірінен пневматикалық тапанша анықталды және тәркіленді, – деді Түрксіб аудандық Полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.


Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шабуылдың басқа қатысушыларының жеке бастары анықталды, оларды ұстау бойынша шаралар қабылдануда. Бұл факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 192-бабының 2-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркелді.