Алматыда қатты жел көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы жабынын ұшырып әкетті (видео)

0
123

Әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің қаптамасы ұшып түкен видео тарады.


Алматыда қатты жел көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы жабынын ұшырып әкетті (видео)

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. 18 мамырға қараған түні Алматыдағы шағынаудандардың бірінде қатты желдің салдарынан көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінің бір бөлігі опырылып түсті, деп жазады stan.kz.

Әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің қаптамасы ұшып түкен видео тарады. Қатты желден қаптама ұшып түскен сәтте тұрғын үйдің жанынан адамдар өтіп бара жатқан еді. Алматы әкімдігінің мәліметінше, ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеп жатыр. Ғимараттың тұрғындар үшін қауіпті не қауіпсіз екені тексеріліп жатыр.

Тұрғындар әлеуметтік желіде болған жағдайға байланысты наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, бұл тұрғын үй кешенін салу мен пайдалану кезінде талаптардың бұзылғанын көрсетеді.

"Бұл жай ғана жел. Ал жер сілкінісі болса не болады" – деп жазды желі қолданушылары.

Болған жағдайға қатысты Алматы әкімдігі пікір білдірді. Әкімдіктің дерегінше, тұрғын үйді "Астана Құрылыс" ЖШС компаниясы салған.

“Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, Алатау ауданы Зерделі шағын ауданындағы № 1/144 тұрғын үй 2014 жылы пайдалануға берілген. 2023 жылы осы үйдің іргетасын нығайту және кіреберісін жөндеу жүргізілді. Аталған жұмыстар бойынша кепілдік мерзімі аяқталды. Қасбетті қалпына келтіру мәселесі басқарушы компания – "Виконгрупп" ЖШС ұйымдастырған тұрғындардың жалпы жиналысында шешіледі. Оның шоттарында жөндеу жүргізуге белгілі бір қаражат бар. Қажет болған жағдайда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында "ТКШ жаңғырту" мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтінім беріледі”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы қаласының төтенше жағдай департаменті 18-нен 19 мамырға қараған түні найзағай осғып, нөмер жаңбыр мен екпінді жел болатынын айтып, ескерту жасаған еді.