Алматыда қазақстандық дизайнерді өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

0
2 577

​Судья жаза тағайындау кезінде сотталушының алматылық дизайнерге қасақана ауыр жарақат келтіргенін ескерген.


Алматыда қазақстандық дизайнерді өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты дизайнер Сәбит Сыраханды (Bisen) өлтірген қылмыскерге үкім шығарды, деп жазады sputnik.kz.

"Сот күдікті Дүйсенғалиевті 99-баптың бірінші тармағы (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танып, 11 жыл және 3 айға бас бостандығынан айырды", - деді үкімді оқыған судья.

Судья жаза тағайындау кезінде сотталушының марқұмға қасақана ауыр жарақат келтіргені ескерілгенін атап өтті. Осыдан кейін қаскөй жедел жәрдем шақырмастан төбелес орнынан қашып кеткен. Соққыға жығылған дизайнердің миы шайқалып, қан құйылған.

Сондай-ақ, сот сотталушының екі кішкентай баласы бар екенін де ескерді.

Үкімге 15 тәулік ішінде шағым түсіруге болады.

Еске салсақ, былтыр қазан айында Алматыда қазақстандық дизайнер Сәбит Сыраханның (Bisen) аяусыз соққыға жығылып, артынша көз жұмғаны хабарланды.

Алматы полициясының ақпаратынша, екі ер адамның арасындағы төбелес туралы хабарлама 18 қазанда түнгі сағат 02:00-ге түсті.

"102" пультіне қоңырау шалған адам даладағы төбелесті өзі тұратын пәтердің терезесінен көрген. Бас кезінде екі ер адам үйдің ауласында ұрсысып тұрған. Одан кейін төбелесе бастады. Сол кезде біреуі жерге сылқ ете түсті. Ал екіншісі қашып кеткен", - деді қалалық полиция депаратментінің баспасөз қызметінен.

Оқиға орнына барған жедел жәрдем дәрігерлері жерде жатқан ер адамға көмек көрсетуге тырысқан. Бірақ ол қаза болды.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1991 жылғы ер адам ұсталды. Құқыққорғаушылардың айтуынша, ол марқұм кездесіп жүрген қыздың туған ағасы.