Ол жерде 90 гектар жер бар болатын.
ERNUR.KZ. Алматыда Кеңсай зиратының аумағы қысқартылды. Бұл туралы бүгін өткен бифинг барысында Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Кеңсай-3 аумағына қатысты сұрақ көп. Ол жерде 90 гектар жер бар болатын. Олардың 35 гектары адам жерлеуге берілсе, қалғаны санитарлық аймақ болып саналады. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, адам жерлеу территориясын 15 гектарға қысқартып, қалған 70 гектар артық жерді санитарлық аймаққа айналдырдық. Былтыр ол жерге 3800 қарағаш отырғыздық. Тұрғындардың сұранысымен қоршауды алдық. Себебі, қоршау тұрса, адам жерлеуге бөлінген орын іспетті болады екен», - деді әкім есепті кездесуінде.
Аудан әкімі осы мәселені шешу үшін Кеңсай 1-2 саяжайы тұрғындарымен кездескен.
«Тұрғындардың кейбіреуі шұғыл қоршау қойыңдар дейді. Кейбірі қажет емес дейді. Сол үшін саяжай тұрғындарына тұрғындардың жиналысын өткізуді тапсырдым. Егер осы мәселе шешімін тапса, біз қоршауларды Кеңсай 1-2 аймағына ауыстырамыз. Біз ритуалды қызмет көрсету комбинатымен бірігіп осы мәселені шешіп жатырмыз», - деді аудан әкімі.