Биыл биологиялық өңдеу жұмыстары әдеттегідей төрт кезеңмен жүргізіледі.
ERNUR.KZ. Алматыда жасыл желекті жыл сайынғы биологиялық өңдеу жұмыстары басталады, деп жазады tengrinews.kz.
"Ағаштардың қалыпты жағдайын сақтау және зиянкестерге төзімділігін арттыру мақсатында 14 сәуірден бастап қаланың жасыл желегін биологиялық өңдеу жұмыстары басталады. Зиянкестерге өңдеуден кейінгі әсерді күшейту үшін биылдан бастап бірінші кезеңде (вегетация басында) емендер төрт рет, теректер екі реттен өңделетін болады. Бұған дейін олар бір рет қана өңделетін, алайда өңдеу реттілігі аздығының тиімсіз екендігі дәлелденді және ағаштарды сақтап қалуға мүмкіндік бермейтіні анықталды", - делінген хабарламада.
Жұмыс барысында адамдарға құстар мен жануарларға зиянсыз, климаттық ерекшеліктерді ескере отырып ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген сертификатталған қауіптілігі төмен классқа жататын (П-4) биологиялық және кейбір кездерде химиялық препараттар қолданылатыны айтылды.
"Жапырақ кеміргіш және зең ауруларын қоздырғыш зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарымен 2,3 млн астам ағашты қамту жоспарланған. Зиянкестер мен аурулардың биологиялық ерекшеліктеріне қарай өңдеу жұмыстары түнде және таңғы уақытта жүзеге асырылады", - делінген хабарламада.
Биыл биологиялық өңдеу жұмыстары әдеттегідей төрт кезеңмен жүргізіледі:
- 14 сәуірден 20 мамырға дейін;
- 30 мамырдан 30 маусымға дейін;
- 10 шілдеден 10 тамызға дейін;
- 20 тамыздан 20 қыркүйекке дейін.