Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 476 сот шешімі шығарылды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 476 сот шешімі шығарылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігі елдегі көші-қон заңнамасының сақталуын тексеріп, жедел-алдын алу шарасын өткізген.
«Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 476 сот шешімі шығарылды. Мәжбүрлі түрде 70 шетелдік еліне қайтарылды. Барлық шығарылған адамдарға 5 жыл бойы Қазақстанға кіруге тыйым салынады», - деді Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек апталық брифингіде.
Мәселен Алматы облысының полициясы Қонаев қаласында орта мектеп салу кезінде заңсыз еңбек еткен Африка елдерінің 11 азаматын анықтады. Елде болу мерзімдерін бұзған барлық шетелдік жауапкершілікке тартылды және оларды депортациялау бойынша шаралар қабылдануда.
ІІМ елімізде шетелдіктерді қабылдаушы тарапқа өздеріне келген шетелдік туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуге тиіс екендігін тағы да ескертеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы механизм бұзылған жағдайда қабылдаушы тарап ҚР ӘҚБтК 518-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады. Онда жеке тұлғаларға ескерту жасалса, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 10 АЕК (1 АЕК - 3450 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
«Осыған байланысты, көші-қон қызметі Қазақстанда шетелдіктерді қабылдайтын адамдарға өздерінде тұратын адамдар туралы полицияға хабарлау нормаларын бұзбауға шақырады», - деді Шұғыла Тұрлыбек.