Алматыда Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі өтті

0
428

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен қоштасу рәсімі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өтті.


Алматыда Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі өтті

ERNUR.KZ. Қоштасу рәсіміне министрлік пен әкімдік өкілдері, сенат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қазақ зиялылары, марқұмның туған-туыстары қатысты, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен қоштасу рәсімі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өтті.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды.

"Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, бірінші дәрежелі Барыс орденінің иегері, дипломат Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, сонда өлшеусіз мұра қалдырды. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси қоғамдық істерімен зор үлес қосты", – делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Қоштасу рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамед сөз сөйлеп, Мұрат Әуезовтің туған-туыстарына көңіл айтты.

"Асылдың сынығы десек те, тұлпардың тұяғы десек те жарасатын асыл адаммен қоштасуға келіп отырмыз. Мұхтар Әуезовтің 4 ұлы болған. Біріншісі, Шоқан деген баласы 1 жасында шетінеп кеткен. Одан кейін Ленинградта оқып жүрген кезде Валентина жеңгемізден туған Елдес деген бала да 1 жасында қайтыс болған. Одан кейін Елдар деген баласы 3 жасында шетінеп кетеді. Ұлдан тұқымсыз қалам ба деп жүргенде Фатима жеңгемізбен көңіл қосып, дүниеге Мұрат келеді. Мұратты анасының құрсағына біткен күннен бастап аялаған адам - Мұхтар Әуезов. "Алтын балам" деп хат танымаған баласына талай хат жазған. Міне сол алтын бала әкесінің сенімін ақтады", – деді Мұхтар Құл-Мұхамед.