Алматыда «сатушысыз касса» пайда болды

0
1 063

Тұтынушылар таңдап алған тауарларының штрих-кодын арнайы құрылғыдан сканерлеп өткізіп, төлем картасы арқылы есеп айырысады


Алматыда «сатушысыз касса» пайда болды

ERNUR.KZ. Бұдан-былай Алматы дүкендерінде кассирдің көмегінсіз-ақ есеп айырысуға болады. Елімізде тұңғыш рет «сатушысыз касса» іске қосылды, деп жазады almaty.tv.

Елімізде тұңғыш рет ашылған сатушысыз касса – тек өзіне-өзі қызмет көрсету ғана емес, адамдардың қаншалық адал екенін сынайтын бірден-бір бастама. Тұтынушылар таңдап алған тауарларының штрих-кодын арнайы құрылғыдан сканерлеп өткізіп, төлем картасы арқылы есеп айырысады. Яғни, өзіне-өзі қызмет етеді. Дүкен қызметкерлерінің айтуынша, бұл қызметті бір сағаттың ішіне 20 адам пайдалана алады.


«Бүгін біз «Юбилейный» дүкенінде әркім өзіне қызмет көрсететін касса ашып отырмыз. Бұл – біздің пилоттық жоба. 1 шілдеге дейін «Столичный» дүкенінде осындай онлайн касса орнату жоспарда бар», – деді компанияның Ақпараттық технологиялар департаментінің жетекшісі Павел КЛЯХИН.

Бұл онлайн кассаның қарапайым халықтың өз иелігіне беруі бекер емес. Естеріңізде болса, бұған бұқараның қаншалықты адал екенін білу мақсатында Алматы метросында «Адалдық алаңы» акциясы өткен болатын. Ол бойынша екі бекетте билетсіз өткендерді жазалаған жоқ. Ол жағын мамандар әркімнің ар-ұятына қалдырған еді. Ал бұл жобада камерамен қоса, онлайн-кассаның қасында бастапқыда кеңесші тұрады екен.

«Метроға қатысты айтар болсақ, Алмалы бекетінен бір айда әрі-бері 12 мыңнан астам адам өтсе, соның 48-і төлемегені белгілі болды. Ал бұл жобада барлық жерде камера және 1-2 ай тұтынушыларға барлығын түсінідіріп беретін кеңесші тұрады», – дейді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.

Жалпы әлемдік тәжірибе бойынша, Скандинавия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде мұндай бастама әлдеқашан іске қосылған екен. Отандық кәсіпкелер осы тұста тәуекелге барып отырғандарын айтуда. Сондықтан тауардың ақысын төлемей өтіп кетем деген ой болса, дүкеннің іші түгел камера екенін естен шығармаған абзал. Егер ешкім көрмейді деп ойлап, «Адалдылық акциясының» шартын бұзсаңыз, алған затыңыздың құнын қайтарту кәсіпкердің өз еркінде болмақ.