Ташкентке барған 18 адам уланып, ауруханаға түскен
Фото: Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі
ERNUR.KZ. Өзбекстанның Ташкент қаласына футбол жарысына барған қарағандылық балалар уланып, ауруханаға түскен. Қазір олар ауруханадан шығып, елге оралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі уланған балаларға дәрігерлер уақытылы көмек көрсеткенін жазды. Сол сияқты екі елдің денсаулық сақтау министрліктері олардың елге аман-есен жетуіне көмек көрсеткен. Дипломаттар екі елдің медицина мекемелерімен және тиісті мемлекеттік органдармен үнемі байланыста болып, консулдық әрі ұйымдастырушылық мәселелерді шешкен.
«Қазақстан елшілігі №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының басшылығы мен медицина қызметкерлеріне, осы іске атсалысқан барлық қызметкерге жылдам көмек көрсеткені үшін шынайы алғысын білдіреді», – делінген елшілік хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Қарағандыдан Ташкентке барған 18 адам уланып, ауруханаға түскені хабарланған. Олардың 12-сі – бала, 6-ауы – ересек. Ташкентке Қазақстаннан жалпы саны 95 адам барған.


