Ағаштар кесілген уақытта сол жерде екі полицейдің болғаны анықталды.
ERNUR.KZ. Алматыда Sulpak алдында кесілген ағаштар үшін полицейлер жазалануы мүмкін. Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
"Біз сол түні қашықтан басқару пультіне түскен барлық қоңырауды мұқият зерттейміз. Егер біздің қызметкерлеріміздің кінәсі анықталса, оларды жұмыстан босатуға дейін қатаң шаралар қабылданады", - деді Рустам Әбдірахманов.
Бұған дейін Facebook желісінде Салтанат Ташимова есімді қолданушы ағаштардың кесілгенін көрген куәгерлердің видеосын жариялаған болатын. Кадрда қала тұрғыны Диляра Бисенова полицияның бұл жағдайға еш әрекет етпегені айтылады.
"Жексенбіге қараған түні сағат 03.00-де біз шудан ояндық: ағаштар құлап жатты. Содан түнде киініп, сыртқа шығып, мұны кімдердің істетіп жатқанын сұрай бастадым. Олар мұны Sulpak басшылығы айтты деді, бәрі заңды деді. Сосын мен "102" нөміріне қоңырау шалдым, полиция осында болды, олар мені үйге баруға көндірді, бәрі заңды деді", - дейді Бисенова видеода.
Ол сол кезде екі полицей болғанын нақтылады.
Еске салайық, алматылықтар Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысындағы ағаштардың кесілгеніне наразылық білдірген еді. Жасыл экономика басқармасының баспасөз қызметі мен Sulpak компаниясының өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірген. Сол пікірінде "Arena S" (Sulpak сауда маркасы) компаниясының өкілдері ағаштар кесілген аумақ компания меншігіне жатпайтынын мәлімдеген.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғаны жеке бақылауында екенін айтқан.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударып, аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевқа тапсырма берген болатын.