Шамамен 2 мың теңге тұратын жолақысы үшін ол Италия азаматынан 45 мың теңге алып алған.
ERNUR.KZ. Алматыда такси жүргізушісі шетелдік әйелден әуежайдан қонақүйге апарғаны үшін 45 мың теңге алып алған, деп жазады Azattyq Ruhy.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі Алматы облысының 48 жастағы тұрғынының ұсталғанын хабарлады.
«Әуежайдан Бөгенбай батыр көшесінің бойында орналасқан қонақүйге дейін апарғаны үшін тым көп жолақы алған такси жүргізушісі жолаушының мазасын алып, онымен қоймай, өтірік айтып, алдаған. Жүргізуші шығынды өтеп берді», - деп атап өтті Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Әдетте шамамен 2 мың теңге тұратын жолақысы үшін ол Италия азаматынан 45 мың теңге алып алған.
Құқық бұзушы «Қоғамдық орындарда тиісу» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап бойынша ескерту жасалып, 5 АЕК мөлшерінде, яғни 15 мың теңгеден астам сомада айыппұл төленеді.