Алматыда троллейбус жерасты өткеліне соғылды: 7 адам зардап шекті

0
875

Зардап шеккендердің бәрі медициналық мекемелерге жеткізілген.


Алматыда троллейбус жерасты өткеліне соғылды: 7 адам зардап шекті

ERNUR.KZ. Алматыдағы Абай даңғылының бойында троллейбус жерасты өткеліне соғылып, соның салдарынан 7 адам зардап шекті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Алматыэлектртранс» ЖШС жол-көлік оқиғасының 21 тамыз күні сағат 14.50 шамасында Байзақов көшесінен кейін, батыс бағытында Абай даңғылының бойында болғанын растады.

«Троллейбус жүргізушісі қысқа ғана уақыттың ішінде өзін жайсыз сезініп, соның салдарынан рөлге ие бола алмай қалған және жерасты өткелінің қабырғасына соғылған. Бұл факт қалалық Полиция департаментінде тіркелген, мән-жайды анықтау іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті компания өкілдері.

Жол-көлік оқиғасының куәгерлері өздері түсірген фото және видеоматериалдарды әлеуметтік желілерде бөлісті. Олардың айтуынша, оқиғадан балалар да зардап шеккен. Ольга Бражникова есімді тұрғынның жазуынша, зардап шеккендер арасында немересі де бар екен.

«6 жасар қыздың кеудесіне қатты соққы тиген, ерні де жырылып кетті. Кіші немеремнің мұрны сынды. Жедел жәрдемді күтіп отыратытн уақытымыз болмады, №5 ауруханаға кетіп барамыз», - деп жазды тұрғын.

Алматы қалалық ПД мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан барлығы жеті жолаушы зардап шеккен. Олардың бәрі қаладағы түрлі медициналық мекемелерге жеткізілген.