Алматыда тұрғындар көшеде күдік тудырған ер адамды полицияға тапсырды

0
266

Оқиға кешкі уақытта жеке тұрғын үй секторында болған.


Алматыда тұрғындар көшеде күдік тудырған ер адамды полицияға тапсырды

Фото: Видеодан алынған скрин

ERNUR.KZ. Алматының Түрксіб ауданында тұрғындардың қырағылығының арқасында күдікті ер адам ұсталды. Оның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше түйіншек табылып, олардың құрамы сараптамаға жіберілді, деп жазады inform.kz.

Оқиға кешкі уақытта жеке тұрғын үй секторында болған. «102» арнасына хабарласқан тұрғындардың айтуынша, бейтаныс азамат көшелерді аралап жүріп, есірткі жасырған орындарды іздеп жүргендей күдік тудырған.

Хабарлама бойынша оқиға орнына полицияның жедел экипажы жіберілді. Сол уақытқа дейін белсенділік танытқан жергілікті тұрғындардың бірі күдіктіні тоқтатып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырған.

Тергеу-жедел тобы жүргізген жеке тінту кезінде ер адамның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше түйіншек тәркіленді. Полицияның мәліметінше, ұсталған адам – Алматы қаласының 33 жастағы жұмыссыз тұрғыны. Алдын ала мәлімет бойынша, ол есірткі қолданатынын айтып, «жылдамдық» деп аталатын синтетикалық есірткінің жасырылған орнын іздеп жүргенін жеткізген.

– Тәркіленген түйіншектердің нақты құрамын және олардың қандай зат екенін сот-химиялық сараптама анықтайды, - делінген хабарламада.

Полиция тұрғындарды күмәнді жағдайлар мен заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда уақыт жоғалтпай құқық қорғау органдарына хабарлауға үндеді.