Аяғынан аққан қанға қарамастан қарияны өрт арасынан алып шыққан.
ERNUR.KZ. Алматыда Ұлттық ұлан офицері ит қауып алғанына қарамастан балалы әйел мен қарияны өрттен құтқарды, деп жазады ҚазАқпарат.
«18 шілде күні сағат 22.30-дер шамасында №5572 әскери бөлім топ командирінің орынбасары капитан Әділжан Ақриев үйінде жүріп, терезеден қарсы беттегі үйдің өртеніп жатқанын байқап қалады. Дереу өрт шыққан үйге бет алып, тұрғындары құтқаруға кірісіп кетеді. Үйге кірген бетте бірінші кезекте сәбиі бар әйелді көреді. Бірден баланы көрпеге орап, анасы екеуін сыртқа алып шығады», делінген хабарламада.
Қайта оралғанда ауладағы ит аяғын тістеп алады. Оның үстіне бұл уақытта кірер есікті жалын шалып, ішке ену мүмкін емес болып бара жатқан еді. Бірақ, Әділжан аяғының қанағанына қарамай, көрші үйден саты әкеліп, ішке кіреді. Шатырына дейін жанып жатқан үйден соңғы сәттерде үлгеріп әжейді де алып шығады.
Сағат 22.46 кезінде өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды толықтай ауыздықтап, үйден тағы екі кісіні алып шығады. Капитан Әділжан Акриевті жедел жәрдем поликлиникаға жеткізіп, ит қапқанға байланысты құтыруға қарсы екпе жасады.