Алты метрлік ескерткіш төрт автордың туындысы.
ERNUR.KZ. Алматыда қазақ халқының ұлы ағартушысы, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш қойылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Алып мүсін өмірін балаларды оқытуға арнаған ағартушы, педагогтың 180 жылдығы қарсаңына орай қойылды. Алты метрлік ескерткіш төрт автордың туындысы. Данияр Сарбасов, Әлімжан Тоқбаев, Дулат Үсенбаев және Қанат Бегулиев – қола мен граниттен жасалған мүсіннің авторлары.
«Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шара барысында Ы.Алтынсариннің мұрасы тек бір халық пен этнос үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін аса құнды екені айтылды. Б.Сағынтаев білім беру саласының қала мен мемлекетті дамытудағы маңызын атап өтті. Сондықтан Алматыда мұғалімдерді қолдау, жаңа мектептер салу және оқу процесіне инновациялық идеяларды енгізу бойынша барлық шаралар қабылдануда», - деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.