Баланың анасы оны әлдекімдер неше күн күштеп ұстады деген еді.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Алматыда анасы іздеу салған 16 жастағы Айдос Ақымбаев ірі алаяқтық фактісіне қатысты істе басты күдікті болып шыққан. Бұл туралы Алматының полициясынан мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде оған іздеу салған анасы баласының тірі екеніне сенетінін, оның телефондарындағы байланыс нөмірлері арқылы іздеп жатқанын айтқан еді.
Арада біраз уақыт өте анасы баласын әлдекімдер көлікке күшпен мінгізіп, оны Шымкентке алып кеткенін, бала амалын тауып қашып кеткенін айтқан. Бұған қатысты Алматының полиция департаменті басқа мәлімет беріп отыр.
«Тамыз айының басында полицияға әйел адам баласының хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз берген. Тексеру барысында жоғалып кеткен азаматтың аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іске қатысты күдікті екендігі белгілі болды. Оның кәмелетке толмағанын ескере отырып, оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған. Алайда, ол бұл шараны бұзып, жасырынған. Кейін сот санкциясы өзгертіліп, қамауға алу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта іздеуде болған азамат табылды және ұсталды. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның денесінде ешқандай жарақат анықталған жоқ, денсаулығы қанағаттанарлық», - деп хабарлайды Алматының полициясы.
Дегенмен, полиция қазір баланы ұрлап кетті деген ақпаратқа қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
«Тексеру аяқтала сала, оның нәтижесі бойынша құқықтық баға береміз», - деп хабарлайды полиция департаменті.