Алматыдағы клиникада липосакция жасатқан блогер көз жұмды: Қызы дәрігерлерді әрекетсіздік танытты деп айыптауда

0
108

15 мамыр күні жеке клиникалардың бірінде Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны көз жұмды.


Алматыдағы клиникада липосакция жасатқан блогер көз жұмды: Қызы дәрігерлерді әрекетсіздік танытты деп айыптауда

ERNUR.KZ. Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасында жасалған липосакциядан кейін 53 жастағы блогер әрі кәсіпкер Сауле Ермаханова көз жұмды, деп жазады stan.kz.

Марқұмның қызы Алдия анасының өлімі туралы туыстарына операциядан үш сағат өткен соң ғана хабарланғанын айтып, клиниканы әрекетсіздік пен адамгершілікке жатпайтын әрекет жасады деп айыптады.

HALYQSTAN Telegram арнасы танымал блогер әрі кәсіпкер Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасында пластикалық операция кезінде жүрек талмасынан қайтыс болғанын хабарлады. Кейін марқұмның қызы бұл ақпаратты растады.

"2026 жылғы 15 мамырда анамыз Сауле Ермаханова Алматыдағы Smart Beauty Clinic жеке клиникасында көз жұмды. Бір жарым сағатқа созылуға тиіс жергілікті анестезиямен жасалатын жоспарлы операция липосакция отбасымыз үшін орны толмас қайғыға айналды.

Бір сағат. Бір жарым. Екі, үш сағат өтті. Сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Тек үнсіз қалды. Анамыздың көз жұмғанын жанында жүрген туысымызға кешкі сағат 18:00 шамасында ғана айтқан. Ал жедел жәрдем тек 19:00-де келген. Үш сағат. Үш сағат бойы ол жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Ал біз ештеңе білмедік", – деп жазды Алдия.

Марқұмның қызы дәрігерлер неге өлім туралы бірден хабарламағанын, осы уақыт аралығында не істегенін, әйелді аман алып қалуға әрекет жасалды ма, жедел жәрдем неге дереу шақырылмағанын сұрап отыр. Алдияны бұл қайғылы жағдайдан кейін де клиниканың жаңа клиенттер қабылдап жатқаны ашуландырған.

"Қазір болып жатқан жағдай адамгершілікке жатпайды, заңсыздықтың ең жоғарғы деңгейі. Төрт күннен кейін таныстарымыз WhatsApp арқылы жаңа клиент болып жазды. Сонда не болды деп ойлайсыз? Оларға белсенді түрде прайс жіберіп, ақылы онлайн консультация ұсынып, келесі аптаға операцияға жазып жатыр! Smart Beauty Clinic анамыздың өлімінің мән-жайы анықталмай жатып, клиенттерге онлайн жауап беріп, жаңа пациенттер қабылдауды жалғастырып отыр", – деп наразылық білдірді Алдия.

Марқұмның туыстары оқиғаның әділ тергелуін және Сауле Ермаханованың өліміне қатысты барлық жағдай толық анықталғанға дейін клиника қызметін тоқтатуды талап етіп отыр.

"Анамызды көпшілік жақсы танитын. Ол әлеуметтік желідегі парақшасын миллиондаған аудиторияға арнап белсенді жүргізді. Бірақ біз үшін ол ең алдымен аяулы ана, ардақты апа еді. Мейірімді, қамқор, өмірге құштар жан болатын. Ол небәрі 53 жаста еді. Алда әлі талай арманы мен жоспары бар еді", – деп жазды Алдия. Алматы полициясы қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Клиника әзірге ресми ақпарат бермеген. Ал полиция оқиғаға байланысты іс қозғалғанын мәлімдеді.

"15 мамыр күні жеке клиникалардың бірінде Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны көз жұмды. Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аясында қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.