Алматыдағы тұрғын үй кешенінде күзетшінің өлімі: Қылмыстық істі тергеу аяқталды

0
256

24 наурызда бұрынғы депутаттың ұлы жол талғамайтын көлігімен күзетшіні бірнеше рет басып өтіп, кейін басына секіріп өлтірген видеосы желіге тарады.


Алматыдағы тұрғын үй кешенінде күзетшінің өлімі: Қылмыстық істі тергеу аяқталды

ERNUR.KZ. 10 айға жуық уақыттан кейін Алматыда Merkur Towers тұрғын үй кешеніндегі күзетшінің айуандықпен өлтірілуіне қатысты тергеу аяқталды, деп жазады stan.kz.

24 наурызда бұрынғы депутаттың ұлы жол талғамайтын көлігімен күзетшіні бірнеше рет басып өтіп, кейін басына секіріп өлтірген видеосы желіге тарады. Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды.

Айыпталушының ата-анасы күзетшіге ұлды тұрғын үй кешенінің ауласынан шығармауға өтініш жасаған екен.

Жантүршігерлік оқиғадан кейін тұрғындар күзетшіні басып өтті деп айыпталған 45 жастағы азамат бірнеше жыл ата-анасымен бірге осы жерде тұрғанын айтты. Оның нашақор екенін және көршілерін үнемі қорқытып ұстағанын айтты. Көршілер бірнеше рет оның үстінен полицияға шағымданған. Бірақ іс соңына жетпей қала берген.

Сотталушының әкесі бұған дейін Талдықорған қаласы прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған және депутат болған.

Қыркүйекте прокуратура қылмыстық қудалау органы айыпталушының психикасы бұзылған деп істі қысқартты. Бұл ақпарат жарияланғаннан кейін бір жарым ай өткен соң полиция департаменті іс бойынша тергеудің қайта басталғанын хабарлады.

Алматы прокуратурасы іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жолданғанын айтты.

"Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысу сатысында", – деп хабарлады ведомстводан.

Іс бойынша сот отырысының қашан басталатыны және ашық түрде өтетіні әзірге жарияланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 45 жастағы ер адамның өзі тұратын тұрғын үй кешенінің күзетшісін қатігездікпен өлтіріп кеткені туралы жазған едік.