«Әр істен теріс саяси астар іздеп отырады» – Тоқаев арандатушылар туралы

0
121

Президенттің айтуынша, жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленген.


«Әр істен теріс саяси астар іздеп отырады» – Тоқаев арандатушылар туралы

Этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатуға бұдан әрі де қатаң тосқауыл қойылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті.

Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленген.

"Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз.

Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді", - деді мемлекет басшысы.