​«Аралтөбе» қорғанында ашық аспан астындағы музей салуға 134 млн теңге бөлінді

0
80

Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылдық округі аталған қорғанды қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы музей салу үшін мемлекетік сатып алу порталында конкурс жариялады.


​«Аралтөбе» қорғанында ашық аспан астындағы музей салуға 134 млн теңге бөлінді

Фото: Концептуалдық жобадан алынды

ERNUR.KZ. Атырау облысы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғанын ашық аспан астындағы музейге айналдыру үшін қазынадан 134 миллион теңге қарастырылды, деп жазады inform.kz.

Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылдық округі аталған қорғанды қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы музей салу үшін мемлекетік сатып алу порталында конкурс жариялады. Өтініштерді қабылдау 6 қазанда басталып, тура бір аптаға созылады.

Бұл жұмыс ежелгі сармат дәуірінің мәдени мұрасын сақтауға бағытталған. Жобалық-сметалық құжатта қорған ғимараты мен экспозициялық құрылымдар,гиппереалистік «Алтын адам» мүсіні салынатындығы көрсетілген.
Атырау облыстық мәдениет басқармасы мен Ақкиізтоғай ауылдық округінің арасында 2022 жылы жасалған қорғау міндеттемесіндегі ақпаратқа сүйенсек, ескерткіштің техникалық жай күйі нашар.
Кезінде қазба жұмыстары жүргізілгеннен кейін консервация жасалмаған. Қорғау тақтасы осыдан 21 жыл бұрын орнатылған.
Айта кетейік, Аралтөбе қорғандары б.з.д. ІІ – І ғасырлар аралығына жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштердің бірі. Ол Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан шығысқа 70 шақырым жерде орналасқан. Аралтөбе қорғандары тобын 1989 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы анықтады. Қорғанға 1999 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекшісі З.Самашев басқарған Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмысын жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан тарихындағы екінші «алтын адам» табылды.