Зардап шегуші тарап сот шешімімен келіспей отыр.
ERNUR.KZ. Алматыда жігітпен кездесуге шыққан қыз қаза тапты. Ал оның өліміне кінәлі жігітке сот небәрі 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Қыз кездесуге шыққан. Сосын үйіне қайтқысы келген сәтте жігіт оны арыққа итеріп жіберген, қыз сол жерде көз жұмды», - деп жазды «Немолчи.кз» қоры.
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, аудандық сот қылмыстық істің бабын өзгерткен: ҚР ҚК 104-бабы абайсызда өлімге алып келу. Осылайша қылмыскер тек 2,5 жылға сотталған.
Қайтыс болған қыздың әпкесінің айтуынша, Айнагүл Кеншебаева жігітпен бір сағатқа ғана кездесуге келіскен. Құрбысына жазған. Кетпек болған кезде жігіт қарсы болып, телефонын тартып алған. Артынша телефонын лақтырып, қыздың өзін арыққа итеріп жіберген. Өзі жедел жәрдем шақырмай кетіп қалған. Қыз алған жарақаттары салдарынан сол жерде көз жұмады.
Полиция мен мемлекеттік айыптау ҚР ҚК 106-бабы бойынша іс қозғаған. Алайда, Түрксіб аудандық сотының судьясы А.А. Абдухалықова істі 104 бапқа қайта өзгертіп, оған небәрі 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Зардап шегуші тарап бұл шешіммен келіспей, сот тергеуін қайтадан мұқият жүргізуді талап етіп отыр.