АШМ: Әкімдіктерге бес айға азық-түлік қорын дайындауға кеңес береміз

0
598

Биыл өнімділік өткен жылдарға қарағанда төмен.


АШМ: Әкімдіктерге бес айға азық-түлік қорын дайындауға кеңес береміз

ERNUR.KZ. Елімізде азық-түлік бағасының күрт өсуін тұрақтандыру қорлары тежейді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін Үкімет бақылауда ұстап отырғанын айтты.

«Апта сайын сауда және интеграция министрлігімен, облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізіледі. Соңғы баға белгісіне отын, коммуналдық қызмет шығындары да қосылады. Нан бағасы арзандатылған бидайды ұн тарту кәсіпорындарына жөнелту жолымен азық-түлік корпорациясы арқылы реттелетін болады. Ал қарақұмық, күнбағыс майы, қырыққабат, пияз, сәбіз – қала тұрғындары үшін бес айлық қор қалыптастыру, баланстарды есептеу үшін әкімдіктермен жұмыс істейміз. Облыстар сатып алуды дәл егін жинау кезеңінде, қолайлы баға болған кезде, бұл көкөністердің көктемге жетпеу қаупінсіз немесе олар қымбаттауы мүмкін кезде жүзеге асыруы тиіс», ˗ дейді вице-министр.

Белгілі болғандай, биыл өнімділік өткен жылдарға қарағанда төмен. Шенеуніктер бұл жағдай ішкі нарыққа әсер етпейді деп сендіруде. Дегенмен, қазір ұн, нан бағасының көтерілгені байқалуда. Атап айтқанда, БҚО, Павлодар облысындабағаның өскені байқалады.

«Биыл Қостанай облысының бірқатар өңірінде түсім төмен болды. Оңтүстік өңірді алатын болсақ, ондағы өнімділік одан да төмен. Фермерлер үлкен шығынға ұшырады, астықтың өзіндік құны өсті.
Нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешені қабылданады, бірінші кезекте бұл «әлеуметтік» нан өндіретін барлық кәсіпорындарды астықпен, қажетті ұнмен қамтамасыз ету. Осы мақсатта Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мемлекеттік резервтерден арзандатылған астықты ұн тарту кәсіпорындарына «әлеуметтік» нан өндіру үшін жібере алатындай етіп заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Үкімет бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстайды, біз өңірлерге қызметтерді бөлдік», - дейді ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жаңа жылдан кейін азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардтық сатып алу есебінен шамамен 680 мың тонна астық сатып алуды жоспарлап отыр, бұл астықтың 60% жеткізілді.