​Асқар Мамин Ясауи музейі және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің Сапар орталығымен танысты

0
1 350

Ұлы тұлғаға арналған музейдің құрылыс жұмыстарын аяқтау 2020 жылға жоспарланған.


​Асқар Мамин Ясауи музейі және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің Сапар орталығымен танысты

Р Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Қ. А. Ясауи музейі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Сапар орталығы құрылыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қожа Ахмет Ясауи музейінің аумағы 3200 шаршы метрді құрайды. Құрылысты «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис – А» компаниясы жүргізуде. Ұлы тұлғаға арналған музейдің де құрылыс жұмыстарын аяқтау 2020 жылға жоспарланған.

«Әзірет Сұлтан» қорық - музейінің мәдени-тарихи Сапар орталығын да аралап келген А.Мамин алдағы жұмыс барысы және нысанның пайдалану мақсатын пысықтады.

Аталған нысандарды және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи-мәдени орындарды зерттеу, анықтау, қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ қайта жаңарту жұмыстары бойынша «Қазқайтажаңарту» РМК директоры Асылхан Сәдуов баяндады.

Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес келетін Израиль, Испания, Ұлыбритания, Үндістан, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттердің әлемге әйгілі тарихи кешендері мен музейлерін сақтау және реставрациялау тәжірибелерін мұқият зерттей отырып, ЮНЕСКО объектілері болып табылатын және жыл сайын жүздеген миллион туристерді қабылдайтын тарихи кешендерді реконструкциялаудың және қалпына келтірудің үздік халықаралық тәжірибелері қолға алынған. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты XI-XII ғасырларға тән «Жұма мешіті» — бүгінге дейін жеткен 40 мешіттің бірі саналады. Мешіт ғимараты бойынша михрабпен толық қалпына келтіру жұмыстарын орындау жоспарланса, бастырмаға жапсарлас салынған дуалдарды демонтаждау, құдықты қалпына келтіру және аумақты абаттандыру жұмыстары жасалмақ.

«Қылует» жерасты мешітін — қалпына келтіру жұмыстары аясында жер асты құрылысының көтергіш құрылымдары мен іргетасын нығайту, ішкі үй-жайды қалпына келтіру және іргелес аумақты абаттандыру жоспарлануда. «Жеті Ата» қақпасынан кесенеге дейінгі аумақтың панорамалық түрін қалпына келтіру мақсатында Орталық магистральды көшелердің бірі қайта жаңғыртылса, «Дарбаза», «Мүсәллә» және «Жеті ата» қақпалары да тарихи қалыпқа енбек.

Ортағасырлық қысқы Хан ордасының тарихи орны мен сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көрінісі, бояуы төл түріне ене отырып, тарихи және мәдени әлеуетін, Түркістан қалашығының Қазақ хандығының ірі саяси орталығы ретіндегі маңыздылығын дәлелдейді. Сондай-ақ, археологиялық жұмыстардың нәтижесінде ортағасырлық көшенің кіре беріс іздері мен Хан Ордасы қоршауының іргетасы табылды. Негізгі фрагменттер қалпына келтіріліп, басқа құрылыстарды іздестіру жұмыстары жалғастырылатын болады.
Ал, Күлтөбе қалашығы Ашық аспан астындағы музейге айналдырылады.