ERNUR.KZ. Жуырда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде Тыл мамандары күні атап өтілді. Бұл – әскердің сенімді тірегі болып, күнделікті еңбегімен әскери қызметшілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырған, көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмысты атқаратын жандардың мерекесі. Олардың кәсібилігі мен адалдығының арқасында армия өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындап, әскери қызметшілер жауынгерлік тапсырмаларын орындауға барынша жайлы жағдайда мүмкіндік алады.
Мереке аясында Қарулы күштерде ҚР ҚК-нің үздік монша-кір жуу кешенін анықтау мақсатында байқау өткізілді. Бұл бөлімшелер – тек тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ететін орындар ғана емес, сонымен қатар өз ісіне жан-тәнімен берілген нағыз мамандар еңбек ететін заманауи орталықтар.
“ ҚР ҚК үздік моншасы» номинациясында 35748 әскери бөлімі үшінші орынды иеленді. Ерекше атап өтерлік жайт – Ақмарал Тойтанова, монша-кір жуу комбинаты меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы, өзінің кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен көзге түсіп, ұжымымен бірге әскери қызметшілерге жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді.
Әскери бөлімнің монша кешені заманауи жабдықтармен толықтай қамтылған және 500 сарбазға дейін бір мезгілде қызмет көрсетуге арналған. Оның құрамында үтіктеу, кір жуу, кептіру және тігін цехтары бар. Әрбір цехта өз ісінің майталман, тәжірибелі мамандары еңбек етуде.
с Біздің басты мақсатымыз – әскери қызметшілердің жауынгерлік тапсырмаларын орындауға толықтай назар аударуына мүмкіндік жасау. Біз өз еңбегімізді мақтан тұтамыз және армияның жауынгерлік қабілетін арттыруға үлес қосып отырғанымызды зор мәртебе санаймыз”, – дейді Ақмарал Тойтанова.
Қарулы күштердің тыл мамандары – бұл әскердің сенімді тірегі, тиімді әрі заманауи жүйе, жауынгерлерді үздіксіз қамтамасыз ететін және кез келген тапсырманы орындауға әзірлікті арттыратын маңызды құрылым. Олардың еңбегі көзге көрінбегенімен, дәл осы қызметтің арқасында Қарулы Күштеріміз күшейіп, еліміздің болашағы сенімді бола түсуде