Астана Дубай мен Сингапурмен бір қатарда: Елорда әлемдік қаржы орталықтарының ондығына енді

0
109

​Халықаралық сарапшылар Астананың алдағы 2-3 жылда ықпалы артуы мүмкін екенін болжады. Елорда әлемдік рейтингте бірден сегіз сатыға көтерілді.


Астана Дубай мен Сингапурмен бір қатарда: Елорда әлемдік қаржы орталықтарының ондығына енді

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Астана алдағы 2-3 жылда халықаралық қаржы нарығындағы ықпалы айтарлықтай артуы мүмкін қаржы орталықтарының ондығына кірді. Қазақстан астанасы болашағы зор қаржы орталықтарының тізімінде тоғызыншы орынға жайғасып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды, деп жазады baq.kz.

Рейтингті британдық Z/Yen Group талдау компаниясы Қытайдың Даму институтымен бірлесіп жариялады.

Астана әлемдік рейтингтегі позициясын нығайтты

Жаһандық рейтингте Астана бірден сегіз сатыға жоғарылап, 117 қаржы орталығының арасында 65-орыннан 57-орынға көтерілді. Қаланың көрсеткіші 684 балдан 702 балға дейін өскен.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде Қазақстан астанасы бірінші орнын сақтап қалды. Одан кейін Кипр (әлемдік рейтингте 72-орын) мен Варшава (78-орын) орналасты.

Бір қызығы, өңірдегі қаржы орталықтарының басым бөлігінде орташа көрсеткіш төмендеген. Ал Астана өз позициясын нығайта алған.

Халықаралық сарапшылар Астананың қандай әлеуетін байқады?

Рейтинг құрастырушылары алдағы бірнеше жылда қай қаржы орталықтарының халықаралық деңгейдегі маңызы артуы мүмкін екенін де жеке зерттеген.

Зерттеуге қатысушылар Астананы 45 рет атаған. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан астанасы тоғызыншы орынға жайғасып, Дубай, Сингапур, Әбу-Даби, Сеул және Шанхай қалаларымен бір топқа енді.

Бұл көрсеткіш нақты инвестиция көлеміне қатысты болжам емес. Ол қаржы саласы өкілдерінің аталған қалалардың болашақтағы даму мүмкіндіктеріне берген бағасын білдіреді.

Қаржы орталықтарының жіктелуінде Астанаға Global Contender мәртебесі берілген. Зерттеушілер бұл санатқа халықаралық қаржы жүйесінде анағұрлым маңызды рөл атқаруға әлеуеті бар орталықтарды жатқызады.

Алматы да рейтингте алға жылжыды

Қазақстандағы оң өзгерістер Алматы қаласында да байқалды. Еліміздің ірі мегаполисіндегі қаржы орталығы әлемдік рейтингте жеті сатыға жоғарылап, 99-орыннан 92-орынға көтерілді.

Сонымен қатар Астана қаржы технологиялары бойынша жеке рейтингтегі көрсеткішін де жақсартты. Бұл санатта елорда 55-орыннан 51-орынға көтерілген.

Негізгі рейтингті әзірлеу кезінде мамандар қалалардың іскерлік ортасын, кадрлық әлеуетін, инфрақұрылымын, қаржы секторының даму деңгейі мен беделін бағалаған.

Жалпы зерттеу 139 қаржы орталығын қамтыған. Оның 117-сі қорытынды рейтингке енді. Есептеу 144 сандық көрсеткіш пен қаржы саласының 6 147 өкілінен алынған 39 531 бағалауға негізделген.

Әлемдік рейтингте бірінші орынды Нью-Йорк сақтап қалды. Одан кейін Лондон, Гонконг және Сингапур орналасқан.

Зерттеу авторлары Азиядағы қаржы орталықтарының маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Сарапшылар олардың алдағы даму бағытын айқындайтын негізгі факторлар қатарында цифрлық инфрақұрылымды, қаржы технологияларын, қаржылық қылмыстарға қарсы күресті және капитал нарығын дамытуды атаған.