«Ертіс» ресми түрде жеке меншік футбол клубына айналды

0
100

Жаңа жеке инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.


«Ертіс» ресми түрде жеке меншік футбол клубына айналды

Фото: Валерий Бугаев

ERNUR.KZ. Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы ресми түрде басқарудың коммерциялық моделіне көшті. Инвесторлар құрамына үш ұйым енген. Атап айтқанда, «Павлодар өзен порты» АҚ — 50%, «RR-CAPITAL» ЖШС — 25% және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС — 25%, деп жазады inform.kz.

Павлодар облысы әкімдігінен хабарлағандай, коммерцияландыру рәсімі аяқталып, жаңа жеке инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
— Бұл — ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы маңызды қадам. Реформаның басты мақсаты — жеке инвестиция тарту, басқару тиімділігін арттыру және клубтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, — деп мәлімдеді әкімдіктен.
Мамандар клубтың коммерциялық басқару моделіне көшуі оның алдағы уақытта тұрақты дамуына негіз болуы тиіс екенін айтады. Себебі «Ертіс» әрдайым Павлодар өңірінің мақтанышы, бай тарихы мен адал жанкүйерлері бар клуб болды және солай болып қала беретіні сөзсіз. Кәсіби футбол тиімді басқаруды, серіктестермен жүйелі жұмысты, меншікті табыс көздерін және ұзақ мерзімді инвестицияларды талап етеді. Коммерцияландыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Клубты инвесторларға беру алдында оның мүлкіне бағалау жүргізіліп, қажетті рәсімдер толық аяқталған. «Павлодар өзен порты» АҚ 2026 жылы клубты қолдау мақсатында демеушілік көмек ретінде 250 млн теңге бағыттады. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта үш инвестор да «Ертісті» қаржыландыру, инфрақұрылымды, негізгі және жастар командаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер алады. Жыл сайынғы инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңгені құрайды.

— Жаңа стратегияның басым бағыттарының бірі — балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Іріктеу бағытында жұмыстар күшейтіліп, талантты жас футболшылардың балалар командасынан негізгі құрамға өтуіне қажетті жағдайлар жасалады. Әйелдер футболын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жалғаса береді, — деп қосты өңірлік әкімдіктен.
2028 жылы облыста 25 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының құрылысы жоспарланған. Ал келесі жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 жас спортшы білім ала алатын футбол академиясын ашу көзделіп отыр.

«Ертіс» футбол клубы үшін бұл — бірнеше күрделі жылдан кейінгі дамудың жаңа кезеңі деуге болады. 2020 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты клуб жарыстарға қатысуын тоқтатса, 2022 жылдың қыркүйегінде банкрот деп танылды. Кейін футбол клубының директоры сотталды.

Клубты қайта жандандыру жұмыстары 2023 жылы басталды.

2024 жылы «Ертіс» Екінші лигада өнер көрсетіп, кәсіби футболға қайта оралды. Команда өз конференциясында сенімді түрде ойнап, 22 ойынның 18-інде жеңіске жетті. Нәтижесінде 56 ұпай жинап, қарсыластар қақпасына 70 гол соқты. Келесі маусымда павлодарлықтар Бірінші лигада екінші орын алып, Премьер-лигаға жолдама жеңіп алды. Осылайша, небәрі екі жылдың ішінде клуб қайта жаңғыру кезеңінен өтіп, Қазақстан футболының жоғары дивизионына қайта оралды.

Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралу клубтың 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Өз тарихында «Ертіс» бес рет Қазақстан чемпионы атанды: 1993, 1997, 1999, 2002 және 2003 жылдары. Сондай-ақ ел Кубогын жеңіп алды.