Күдіктімен сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментімен «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.
«Ол ЖШС пайдасына офистік және жертөле үй-жайларын беру туралы қосымша келісім жасасу және тұрғын үй кешенін кәсіпорын теңгеріміне қабылдау-тапсыру актісіне қол қою үшін ЖШС директорынан тұрғын үй кешенінде 2 пәтер түріндегі және 60 мың АҚШ доллары сомасындағы пара алуда күдікті деп танылуда», - деді Агенттік өкілі.
Оның айтуынша, кінәсін толық мойындауына байланысты оған процестік ұстау қолданылған жоқ. Тергеу жалғасуда.