Өнер иесінің жағдайы – орташа ауыр, тұрақты.
Фото: Бейнежазбадан
ERNUR.KZ. 18 мамыр күні Астана циркінде өткен шоу кезінде акробат қыз бес метр биіктен құлап кетті, деп жазады inbusiness.kz.
Куәгерлердің айтуынша, қойылым қараңғыда өткендіктен, көрермендер бастапқыда не болғанын бірден түсіне қоймаған.
Кейін цирк әкімшілігі әртістің құлауына қатысты пікір білдірді.
“Ол - спорт шебері, күрделі трюктерді сақтандырусыз орындауға үйренген. Аздаған жарақат алған, жақын арада манежге қайта оралып, көрермендерді қуантуын жалғастырады”, – деді цирк әкімшілігі.
Зардап шеккен әртістің жағдайы туралы Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
“Қыз циркте 5 метр биіктіктен құлап, жарақат алды. Оқиға орнынан жедел жәрдем алып кетті. Бас жарақаты мен ми шайқалуы диагнозы қойылды. Жалпы жағдайы – орташа ауыр, тұрақты”, – деп хабарлады басқарма.