Полиция іздеу шараларын күшейтілген режимде жүргізіп жатыр.
фото / Болат Шайхинов
ERNUR.KZ. Астананың ескі вокзалы маңайында қараусыз қалған баланың анасы әлі табылған жоқ, деп жазады sputnik.kz.
Полиция іздеу шараларын күшейтілген режимде жүргізіп жатыр. Баласын қалдырып кеткен ананың аты-жөні белгілі. Бірақ оның қай жерде жүргені анықталмай жатыр.
Күні кеше WhatsApp чаттарда ескі вокзал маңайында 3-4 жасар баланың табылғаны туралы ақпарат тарады. Оның қалтасында "баладан бас тартамын" деген хат болған көрінеді.
Көліктегі полиция баланың қараусыз қалғанын растады. Құқық қорғаушылар бірден іздеу шараларына кірісті. Баланы уақытша ауруханаға орналастырды. Ал "Астана" станциясының желілік полиция басқармасы кәмелетке толмаған баланы қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 119-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша 100 АЕК-ке (393 200 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 120 сағатқа дейiнгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 45 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.