Астанада «Әділет» партиясының ІI съезі басталды

0
105

Съезге құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай-сервис салаларын ұсынатын ірі салалық бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтар мен сарапшылық ұйымдардың жетекшілері қатысуда.


Астанада «Әділет» партиясының ІI съезі басталды

ERNUR.KZ. Астанада жаңадан құрылған «Әділет» партиясының ІІ съезі өз жұмысын бастады, деп жазады BAQ.KZ.

Съезге құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай-сервис салаларын ұсынатын ірі салалық бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтар мен сарапшылық ұйымдардың жетекшілері қатысуда. Олар партия қатарына өтіп, ұйымның әлеуетін нығайтуға және бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруға атсалысып келеді.

Олардың қатарында «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы, Қазақстанның Азаматтық альянсы, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы, Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығы, Қазақстан автомобиль одағы және басқа да ұйымдар бар.

Съез жұмысына «AMANAT» партиясының өкілдері де қатысуда. Партияның «Әділетке» қосылуы мәселесі делегаттардың қарауына ұсынылды. Сонымен қатар күн тәртібіне партияның одан әрі дамуы, өңірлік филиалдар құру және ұйымдық құрылымды нығайту мәселелері енгізілген.

Съез қарсаңында стратегиялық сессия өтіп, делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылады.

Еске салайық, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен құрылған. Партияның қалыптасуы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциядан кейін басталған саяси жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді.

2026 жылғы 7 мамырда Астанада партияның құрылтай съезі өтіп, оның ресми қызметі басталды. Ал 1 маусымда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді.

Партия еңбек адамдарының, мұнай-сервис және тау-кен металлургиясы саласы қызметкерлерінің, шахтерлердің, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT-сектор, құқық саласы және креативті индустрия өкілдерінің басын біріктіреді.

Партия платформасының негізін әділеттілік, жауапкершілік, теңдік, отансүйгіштік және прогресс қағидаттары құрайды. Ұйым заң үстемдігін нығайтуды, тиімді мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамытуды, өңірлерді қолдауды, адами капиталды жетілдіруді, цифрландыруды ілгерілетуді және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруды мақсат етеді.

Бұған дейін «AMANAT» партиясы өз мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарына қосылғанын мәлімдеген болатын.

Қазіргі уақытта «Әділет» партиясының II съезі өз жұмысын жалғастыруда.