Куәгерлердің айтуынша, дәрігерлер пациентке тек 1 сағат 45 минуттан кейін ғана келген.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Астанадағы №2 көпсалалы облыстық ауруханада әйел адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмей, баласынан айырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға куәгерлері пациенттің қансырап, көмек сұрап жалынғанын, алайда дәрігерлер оған тек екі сағатқа жуық уақыт өткен соң келгенін айтқан.
Жүктіліктің алты аптасында болған әйел медициналық көмекке жүгінген, бірақ куәгерлердің айтуынша, оған уақытылы көмек көрсетілмеген.
«Ол қансырап жатты, жылады, көмек сұрап жалынды. Түсік тастау қаупі болды, бірақ дәрігерлер ешқандай әрекет етпеді. Бұл сұмдық, тіпті аурухананың өзінде әйел өзін қауіпсіз сезіне алмайды», – деп бөлісті палатадағы көршісі әлеуметтік желіде.
Куәгерлердің айтуынша, дәрігерлер пациентке тек 1 сағат 45 минуттан кейін ғана келген. Осы уақыт аралығында әйелдің жағдайы нашарлап, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Аурухана әкімшілігі бұл жағдайдың болғанын растады және қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
«Аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды, қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданып, ресми қорытынды беріледі», – делінген хабарламада.
Мән-жайды Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы да түсіндірді.
«Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің алдын ала қызметтік тексеруі нәтижесінде пациентке медициналық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 тамыздағы № ҚР ДСМ-92 бұйрығымен бекітілген акушерлік-гинекологиялық көмекті ұйымдастыру стандартына, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 28 шілдедегі №185 «Жүктіліктің үзілуі» клиникалық диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес көрсетілгені анықталды. Бұл клиникалық жағдайда 6 апта мерзімінде өздігінен басталған түсік тіркелген. Клиникалық диагноз – «Өздігінен болған түсік» деп қойылды. Сондай-ақ пациентпен түсіндіру жұмысы жүргізілді», – делінген агенттік сұрауына берген ресми жауапта.
Қазір бұл іске қатысты тергеу жалғасып жатыр. Аурухана басшылығы қызметтік тергеу аяқталған соң ресми қорытындыны жариялауға уәде берді.
Айта кетейік, 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Астанада ана өліміне қатысты 7 оқиға тіркелген.