Тәрбиешілер кінәні бір-біріне сілтеп, тіпті баланың ата-анасының телефон нөмірін де бермеген.
ERNUR.KZ. Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиешілер жоғалып кеткен баланы байқамай қалған. Жеңіл киіммен аязда жылап тұрған сәбиді қала тұрғыны тауып алды, деп жазады NUR.KZ.
Астана тұрғыны Facebook желісіндегі "Астана, мақтағым/шағымданғым келеді" тобында көрген-білгенін баяндаған. Айтуынша, 26 қараша күні Сарыарқа 15 және Сарыарқа 17 үйлерінің арасында жылап тұрған баланы көзі шалыпты.
"Аязды күні жұқа көйлекпен жылап тұрған баланы байқап қалдым. Қатты таңғалдым, оның жанынан өтіп жатқан адамдар тіпті назар аударып та жатқан жоқ.
Оны көтеріп алып, күртешеме орадым да, үйлердің арасындағы «Intellectumbala» балабақшасына қарай беттедім. Мүмкін сол жерден қашып кеткен шығар деген ой келді", - дейді ол.
Белгілі болғандай, бала шын мәнінде сол балабақшадағы тәрбиешілер назарынан тыс қалған сәтте кетіп қалған екен.
Онда сәбидің жоғалғанын ешкім байқамай да қалған. Қызметкерлер көшеде жаурап қалған баланы көргенде жармаса жөнеліпті.
Оған қоса тәрбиешілер кінәні бір-біріне сілтеп, тіпті баланың ата-анасының телефон нөмірін де бермеген.
Астанадағы білім беру басқармасы желідегі жарияланымға пікір қалдырып, баланың күтуші жауапсыздығынан далаға шығып кеткенін жазыпты.
Ведомство қызметкерлері аталмыш балабақшаның тізімге тіркелмегенін және бейнебақылау камералары орнатылмағанын айтуда. Енді олар мектепке дейінгі білім беру мекемесіне тексеріс жүргіземіз деп отыр.