Құқық қорғау органы өкілдері кезекшілік кезінде қаладағы сауда орталықтарының бірінің жанындағы аялдама орындығында ұйықтап жатқан ер адамды көреді.
Сурет: Астана қалалық ПД баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Астанада полицейлердің көзінше аялдама әйнегін сындырған ер адам жауапқа тартылды, деп жазады zakon.kz.
Құқық қорғау органы өкілдері кезекшілік кезінде қаладағы сауда орталықтарының бірінің жанындағы аялдама орындығында ұйықтап жатқан ер адамды көреді. Одан мән-жайды білмек болғанда, ер адам күтпеген жерден агрессия көрсеткен. Ол жерде жатқан тасты алып, аялдаманың әйнегіне лақытырып, сындырды. Сонымен қатар, ашуға мінген ол көлік қозғалысына да кедергі келтіріп, жол бойына шығып кеткен.
"42 жастағы қылмыскер жауапқа тартылды. Полиция құқық бұзушылықтарға, әсіресе вандализм, бұзақылық және тәртіпсіз мінез-құлық актілеріне мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда", – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері біреудің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін Астанада 115 адам жауапқа тартылған, оның 61-і қамауға алынған.