Астанада тұңғыш рет тоқу фестивалі өтеді

0
1 859

Фестивальге қатысушылар үшін йога мен самба-jumping сабақтары, кітапқа құмар және селфи жасағанды ұнататындарға арналған гамактар аймағы, түрлі конкурстар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.


Астанада тұңғыш рет тоқу фестивалі өтеді

ERNUR.KZ. Астанада «Йога мозга XXI века» («ХХІ ғасырдағы ми йогасы») атты алғашқы тоқу фестивалі серуен форматында өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Фестиваль бізбен және ілгекпен тоқуға әуес жандардың басын қоспақ, шараға аталмыш қолөнерге жаңадан қосылғандар да, тоқумен кәсіби айналысатындар да қатысады. Жаңадан келгендер үшін тоқу, жіп иіру және киіз басудан тегін шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Алғашқы «Йога мозга XXI века» тоқу фестивалінің ерекшелігі - оған мүмкіндігі шектеулі және психологиялық кемшіліктері бар тұлғалар да қатыса алады. Олар денсаулығының нашар болуына байланысты тоқуды үйреніп, фестивальді ұйымдастырушы Рахима Мұқышеваның арқасында ақша табу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінгі таңда оның Bergen шеберханасында 12 адам жұмыс істейді, оның ішінде жетеуі халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.

«Мен адамдарға тоқуды үйретемін. Бұл да өзіндік бір терапия, ол біреулерге зейінін шоғырлауға және қиындықтар мен мәселелерді жеңуге көмектеседі, ал басқалары үшін тоқу - ақша табудың жалғыз жолы. Астана қаласының әкімдігінің қолдауының арқасында тоқу фестивалін өткізіп отырмыз, мұнда ниет білдірген жандардың барлығы, жасына, денсаулығына және кәсібіне қарамастан, тоқуды үйренеді немесе жетілдіреді», - деді Рахима Мұқышева.

Бұдан басқа, фестивальге қатысушылар үшін йога мен самба-jumping сабақтары, кітапқа құмар және селфи жасағанды ұнататындарға арналған гамактар аймағы, түрлі конкурстар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. «Йога мозга XXI века» фестиваліне қатысушылар тоқуды үйреніп қана қоймай, қайырымдылық жасайды. «28 петель» («28 ілмек») клубының мүшелерімен бірге мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге киім тоқуға үлес қосады.

Үш күн бойы сағат 13:00-ден 20:00-ге дейін фестиваль аумағында әлеуметтік жұмыстар көрмесі өтеді, сондай-ақ, туындыларды сатып алуға болады.

Атап айтқанда, Bergen шеберханасының жұмыскерлері мен басқа да шеберлер өз қолдарымен тоқыған кардигандар, сөмкелер, мохер кофталар сатылады.