Астанада үш жасөспірім электросамокатпен автобусқа қарсы жүріп, бірі жол апатына түсті

0
132

​Астанада үш жасөспірім электросамокатпен жол ережесін бұзып, қауіпті жағдайға тап болды. Бірі автобус астына түскен. Полиция тексеру жүргізіп жатыр.


Астанада үш жасөспірім электросамокатпен автобусқа қарсы жүріп, бірі жол апатына түсті

ERNUR.KZ. Астанада үш жасөспірімнің электросамокатпен қоғамдық көлікке арналған жолақта қарсы бағытта жүруі жол апатына ұласты. Олардың бірі автобус астына түсіп, ауруханаға жеткізілді, деп жазады baq.kz.

Оқиға 13 тамызда Түркістан көшесінде болған.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, «Yutong» маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі аялдама кешеніне кіріп жатқан кезде қоғамдық көлікке арналған жолақпен қарсы бағытта келе жатқан жасөспірімді қағып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына дейін үш жасөспірім электросамокатпен автобус жолағында қозғалған. Олар аялдамаға кіріп жатқан автобустың жанынан өтуге тырысқан. Екі жасөспірім өтіп үлгерсе, үшіншісі автобусқа соғылып, көлік астына түскен.

Соқтығыс салдарынан электросамокат автобустың дөңгелегінің астында қалып, «Yutong» көлігінің алдыңғы әйнегі сынған.

Жол-көлік оқиғасы кезінде жасөспірім жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер тексергеннен кейін оны амбулаториялық ем қабылдауға жіберді.

Қазіргі уақытта полиция жол апатына қатысты тексеру жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады. Күшіне енетін өзгерістерге сәйкес, электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады.