Астанада жүкті келіншектің жұлынына операция жасалды

0
1 656

Жүктіліктің 28-аптасында болған келіншек екі жауырынының арасын қатты ауырсынып, демалысы қиындап, сондай-ақ қос аяғының саусақтарын сезбей шағымданған.


Астанада жүкті келіншектің жұлынына операция жасалды

суреттер: Baq.kz

ERNUR.KZ. Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында Ақтөбе қаласының тумасы 25 жастағы жүкті қыздың жұлынына күрделі операция жасалып, қыз да, бала да аман қалды, деп жазады Baq.kz.

Жүктіліктің 28-аптасында болған келіншек екі жауырынының арасын қатты ауырсынып, демалысы қиындап, сондай-ақ қос аяғының саусақтарын сезбей шағымданған. Жас қыз өзіне МРТ зерттеу жасаған тұрғылықты жері бойынша дәрігерлер көмегіне жүгінген. МРТ нәтижесі бойынша мойын-құяңы бөлімінде жұлындағы сүйек кемігі ішілік ісігі анықталып, жас қызды әрі қарай емдеу үшін «Ұлттық нейрохирургия орталығына» сұраным жіберілді.

Нейрохирургия орталығының дәрігерлері пациентке телемедицина көмегімен консультация өткізді. Пациенттің қиын жағдайы мен алдағы уақытта асқыну қаупінің жоғары екенін есепке алып нейрохирургия орталығында жедел емдеу үшін санавициямен шұғыл госпитализация жасалды. 12 шілдеде қыз нейрохирургия орталығына жеткізілді.

13 шілде күні жүкті әйелдің жұлындағы сүйек кемігі ішілік ісігіне нейромониторинг көмегімен микрохирургиялық операция жасалды. Бұл әдіс жүйке жүйесінің әртүрлі бөліктері мен өтетін жолдарын бақылауға көмектеседі. Осылайша, неврологиялық асқынулар қаупі азая түседі. Сондай-ақ, операция ұрықты кардиотокографиялық бақылау бойынша жүргізілгенін айта кеткен жөн. Осы арқылы іштегі нәрестенің жағдайын біліп отыру мүмкін болды.

4 сағатқа созылған операция сәтті өтті. Болашақ ана өзін жақсы сезініп, кеше палатаға ауыстырылды. Аяқ саусақтарының сезуі қайта қалпына келіп, пациент өз аяқ-қолымен қозғала алатын болды. Барлық функционалды және қозғалу қабілеттері сақталды. Жас қыз қиын операциядан өткеніне қарамай баланы өмірге әкелуге дайын. Дәрігерлер босану тиісті мерзімде болатынын болжап отыр.