Астанада зираттарды цифрландыра бастады

0
1 646

Аталған сайт әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.


Астанада зираттарды цифрландыра бастады

ERNUR.KZ. Елордада зираттарды цифрландырып, арнайы сайтта мәліметтер базасы жасақталып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

«2022 жылы Астанада жерлеу және жерлеу ісі бойынша мониторинг жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша бірқатар проблема анықталды. Биыл жыл басында қала әкімінің төрағалығымен жерлеу және жерлеу ісіне қатысты өзекті мәселелер бойынша жиналыс өтті. Соның нәтижесінде тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін (Абай көшесі, 10 мекенжайы) кеңсе ашылды. Мәйітке арналған жер телімдерін берудің ашықтығы, қызметтердің құнын төлеу, жерленген адамдарды іздеу, конфессияаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында қалалық Цифрландыру басқармасымен бірлесіп 28 зират цифрландырылды. Ол туралы zherleu.astana.kz сайтында мәліметтер базасы жасақталды», - деді Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қалалық мәслихат отырысында.

Оның айтуынша, аталған сайт әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Бұл сайт Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан мақұлданғаннан кейін толық іске қосылады. Сондай-ақ Н.Тілендиев даңғылы мен жаңа зиратта бейнебақылау камераларын орнатуға және жедел басқару орталығымен интеграциялау мақсатында қаражат бөлінді», - дейді ол.