АСТАНАҒА – 25 ЖЫЛ: Елорданың мерейтойы бір ай бойы тойланады

0
1 201

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның астанасына 25 жыл толып отыр.


АСТАНАҒА – 25 ЖЫЛ: Елорданың мерейтойы бір ай бойы тойланады

Жүздеген жылдар бойы сан сүрлеуден өтіп, ерен ерлікпен еркіндікке қол жеткізген Тәуелсіз Қазақстан халқының тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Сарыарқаның төрінен Астана қаласының салынуы десек, қателеспейміз. Бұған дейін Ақмолинск, Целиноград, Ақмола, Нұр-Сұлтан деп те аталған қала 1997 жылдың 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының бас қаласы болып келеді. Тәуелсіз Қазақстанға жаңа астана салу еліміздің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы екенін барлығына белгілі.

Дегенмен, елорданы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде қабылданғанын және астананы ресми түрде көшіру 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырыла бастағанын көпшілік біле бермейді. Ал, 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақмола деген атау «Астана» болып өзгертіліп, жаңа атауға ие болған астананың халықаралық ашылуы 1998 жылы 10 маусымда өткен. Сондай-ақ, «6 шілде – Астана күні» деп белгіленіп, жыл сайын бұл күн мереке ретінде мемлекеттік деңгейде тойланып келе жатыр. Демек, биыл Тәуелсіз Қазақстанның астасына 25 жыл толып отыр.


Елорданың таихына хронологиялық талдау жасайтын болсақ, бұл қаланың іргетасы 1830 жылы орыс әскерлері Есіл өзенінің жағалауына келіп қалаға бекіністен бастау алады. Содан соң, 1862 жылы бекініс қала мәртебесіне ие болып, Ақмолинск деген атау берілсе, 100 жыл өткеннен кейін Целиноград деп атала бастаған. Одан кейін, Ақмола болып, Президент жарлық шығарған кезде Астана деген атауға ие болған. 1998 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО ұйымының шешімімен аз ғана уақыт арасында әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени тұрғыдан даму жағынан көзге түсіп, этносаралық тұрақтылыққа қол жеткізген жас қалаларға берілетін «Бейбітшілік қаласы» атты мәртебеге ие болды. Бразилия елінде өткізілген бұл конкурсқа қатыстырылған Астана әлемнің он екі шаһарын әр түрлі талаптар бойынша басып озған. Астана тарихындағы тағы бір елді елең еткізген оқиға – 2019 жылды 20 наурызында қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен қаланың атауы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі болды. Алайда, бұл тарих ұзаққа созылмай, 2022 жылдың 17 қыркүйегінде мемлекет басшысының Жарлығымен қала қайтадан Астана деп аталды.

Бүгінде Астананың жер көлемі 797,33 шаршы шақырымды құрайды. Астананың қақ ортасында әсем Есіл өзені ағып жатыр. Сол өзен қаланың екіге бөлетіндіктен, трғындар оң және сол жағалауда өмір сүріп жатыр. Астананың климаты аса континенталды, дәлірек айтсақ, қысы суық әрі ұзақ болса, жазы ыстық және құрғақ. Адамдар әсіресе Астананың қысына қатты қамданады. Себебі, бұл қалаға Сібір аяздары жеткен кезде, ауа температурасы -50 градусқа дейін жетуі ықтимал. Ғалымдардың сөзіне сенсек, Астана Моңғолия астанасы Ұланбатырдан кейінгі әлемдегі ең суық елорда болып саналады екен. Бастапқыда адамдарды Астананың қолайсыз құрғақшылығы мен қатты желі қинағандықтан, бірнеше жылдан бері қала айналасына ағаш егіп, жасыл белдеумен қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді.


Астана құрылғалы бері сауда, транспорт, байланыс және құрылыс салалары қала экономикасының негізгі драйверіне айналды. Мәселен, қаланың сауда секторы бойынша ел экономикасына қосып жатқан үлесі Алматыдан кейінгі екінші орында тұр. Ал, құрылыс саласы бойынша ондаған жылдар бойы көш басынан түспей келеді. Құрылыс материалдары, тамақ және сусын өнімдері, машина жасау, ауыр қондырғылар өндіру, инвестиция тарту, инновация және бизнес ашу бағыттары бойынша да жақсы көрсеткішке ие.

Елорданың сәнін кіргізіп, әлем халқына әйгілі етіп тұрған сәулет туындылары да жетерлік. Оның ішіндегі ең бастысы – Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен салынған Ақмырза Рүстембеков атты сәулетшінің жобасы, қазіргі Астана қаласының басты нышанының бірі – Бәйтерек кешені. Тәуелсіздік алаңындағы биіктігі 91 метрді құрайтын, ұшар басына құстардың төресі Самрұқтың ескерткіші орнатылған «Қазақ Елі» нысаны да елордадағы менмұндалап тұратын сәулет туындысы. Ел Президентінің резиденциясы – «Ақорда», дипломатиялық және басқа да мемлекетаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге арналған – Тәуелсіздік Сарайы, түрлі діндер өкілдерінің саммиттері мен съездеріне арналған – Бейбітшілік және Келісім Сарайы, «Қазақстан» Орталық концерт залы, «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті, «Жастар» Оқушылар мен жастар шығармашылығы сарайы, дүниежүзіндегі ең үлкен шатыр әрі еліміздегі ең ауқымды сауда және ойын-сауық орталығы – «Хан Шатыр», Астанад өткен EXPO-2017 іс-шарасының мәдени-туристтік имидждік жобасы – «Этноауыл» кешені, Тәуелсіздік мерейтойына орай салынған – «Мәңгiлiк ел» қақпасы, Ұлттық ғарыш орталығы және «Нұр Әлем» болашақ энергия мұражайы сынды нысандар да Астананың көркіне көрік қосып тұр.


Сонымен қатар, Астанада театр, мұражай сынды мәдениет нысандары да баршылық. Атап өтсек, қазіргі таңда елордада 27 кітапхана, 8 мемлекеттік мұражай мен 6 кинотеатр бар екен. Олардың арасынан Астаналық цирк, К.Бәйсеитова атындағы ұлттық опера және балет театры, Астана Опера, К.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театры, Қазақстан Республикасының ұлттық мұражайы, Заманауи өнер мұражайы, АЛЖИР сынды ғимараттарды ерекше атап өтуге болады. Қазіргі таңда осы Астанада 1 350 мыңнан астам өмір сүріп келеді. Бұл еліміздегі Алматы қаласынан кейінгі екінші көрсеткіш. Әкімшілік жағынан қала «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл», «Байқоңыр» және «Нұра» деп аталатын 5 ауданға бөлінген.

Ендігі кезекте, алда келе жатқан Астананың 25 жылдығына орай өткізілетін мерекелік іс-шараларға тоқталсақ. Мәселен, сәуір айында елорданың 25 жылдығына орай «Жасай бер, жайнай бер, Астана» тақырыбымен республикалық жыр мүшайрасы жарияланды. «Тарихи мәдени мұраны сақтау және пайдалану орталығы» ұйымдастырған байқау шарттарына сәйкес, мүшәйраға бұрын еш жерде жарияланбаған, яғни жаңа туындылар қабылданды. Тиісінше, осымен XI рет өткізілген байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам ақын қатысып, барлығы 12 қатысушы жүлдегер атанса, бас бәйге Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайға бұйырды. Одан бөлек, аталмыш мерейтой аясында 14-35 жас аралығындағы елордада тұратын жас ақындар мен жазушылар арасында «Үздік жас қаламгер» байқауы да жарияланған. Алдағы уақытта нәтижесі шығарылатын байқауға қатысып, жүлдегер атанған 25 үміткер 500 мың теңгелік сыйақыға ие болмақ.


Сонымен қатар, маусым айында елорда тұрғындары мен қонақтары арасында Астананың 25 жылдығына арналған бұқаралық веложарыс ұйымдастырылды. Қосшы қаласы бағытындағы айналма жолдан басталған сайыс 25 шақырымға созылып, «Жасыл белдеу» деп аталатын саябақта мәреге жетті.


Ал, 1 шілде күні Қазақстан Ұлттық банкі Астананың мерейтойына арнап «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясына сәйкес, «ASTANA. 25 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Ұлттық банк өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл монеталар 3 шілдеден бастап ҰҰлттық банктің ғаламтордағы дүкендері арқылы саудаланбақ. Айта кетсек, «ASTANA. 25 JYL» монеталары «МН 25 мельхиор» деп аталатын қоспадан дайындалған екен. Салмағы – 15 грамды құраса, диаметрі 33 мм-ге тең. Таралымы 20 000 дананы құрайтын 100 теңгелік монетаның дайындау сапасы – brilliant uncirculated. Аталған коллекциялық монетаны еліміздің барлық аумағында белгіленген құнымен жаратуға, мемлекет ішіндегі барлық банктің шоттарына есепке алдыруға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады. Бұл монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Сонымен бірге, шілде айында бас қаламызда Астана күніне арналған ауқымды жәрмеңке өткізіледі деп жоспарланған. Бұл жәрмеңке Наурыз мерекесіндегідей шығыс стилінде іске асырылатын болады. Ал, ел Үкіметі 7 шілдедедегі жұмыс күнін 1 шілдеге ауыстырып, қаулыға сәйкес, бес күн жұмыс істейтін азаматтар аталған мерекеге орай 6, 7, 8 және 9 шілде күндері төрт күн демалатын болды.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – жыл сайын ел азаматтары арасында Астана күнінде ұйымдастырылатын отшашуға жұмсалатын қаржыға қатысты пікірталас туындайтын. Осыны ескерген шаһар басшылығы біраз уақыт бұрын қала күніне орай отшашу болмайтынын мәлімдеді. Алайда, бұл іс-шаралар өткізілмейді деген сөз емес. Себебі, биыл қала күніне орай жүзден астам іс-шара ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары олардың тоқсанға жуығына тегін қатысуға мүмкіндік алады. Оған қоса, мереке аясында оқушылар сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аулалар, қоғамдық кеңістіктер сынды көптеген нысан ел игілігіне беріліп, тұрғындарға баспана кілті табысталады.

Осы орайда, Астана күніне арналған негізгі іс-шаралардың кестесімен де таныстырып өтуді жөн санадық. Атап өтсек, 1 шілдеде Астанадағы Амфитеатрда талантты жас әншілерді дамытуға арналған «Аялаған Астана» музыкалық байқауының гала-концерті өтсе, 2 шілде күні «Ұлттық домбыра күніне» орай ЭКСПО алаңында ұйымдастырылатын «Домбыра дастан» шоу-концерті көпшілік назарына ұсынылады. 2-3 шілде күндері «Қаламгерлер» аллеясы мен №5 балалар кітапханасында Қазақстан жазушылар одағы мен қала әкімдігі бірлесіп, «Астана – шабыт арқауы» атты ақын-жазушылармен кездесулер, 3 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Алтын мұра» тақырыбымен еліміздің ең мықты дәстүрлі әнші, күйші-жыршыларының мерекелік концерті, 4 шілде күні «Астана» концерт залында «Әзіл әлемі» әзіл-ысқақ кеші және «Жастар» сарайында Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «НАЗ» мемлекеттік би театрының «ҚАЗАҚ ЖӘДІГЕРЛЕРІ» концерттік бағдарламасы өткізіледі. 5 шілде күні азаматтар Амфитеатрда өтетін халық арасындағы танымал әртүрлі аспапта орындаушылардың «Елорда әуені» атты шоу-концертін тамашаласа, 5-6 шілде күндері ЭКСПО алаңында балалар мен ересектерге арналған «Гүл Астана» ЭКО фестивалі, «Гүл шахары – Астана» республикалық суретшілер плэнері, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Болмаған балалық шақ» драмасы, 5, 6, 8 шілде күндері Музыкалық жас көрермен театрының «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзиклінің премьерасы ұсынылады. 6 шілдеде қаланың шет аймағындағы тұрғын үй алаптарында «Думанды Астана» концерттері, ЭКСПО алаңында OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерт ұйымдастырылады. 6-8 шілде күндері Орталық саябақта отбасылық демалысқа арналған MEREKE STREET фестивалі, 7 шілдеде «KITAP FEST» республикалық кітап көрмесі және 8-9 шілдеде көше тағамдарының фестивалі жүзеге асырылады.


Кеше ғана іргетасы қалаған Астана дем арасында ширек ғасыр жасап, бұл дата дүбірлі мерейтойға ұласып отыр. Десе де, күллі қазақ жұрты бұл қаланың сәулетіне тамсанып қана қоймай, саяси және идеолгоиялық маңызын тереңірек түсінгені абзал. Сарыарқаның төрі Астанамыздың мәңгілік мекені болғай.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ