Оқушылар эко-субұрқақтың маңызын үш бағытпен негіздеді: суды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Фото: Астана әкімдігі
ERNUR.KZ. Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің жазғы этнолагерінде ерекше экологиялық жоба таныстырылды. Оқушылардың табиғатты қорғауға бағытталған тың идеясы – «Эко-фонтан» жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жас өнертапқыш Әнел Кенжеханның сөзінше, бұл бастама – жас ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыратын нақты әрекет. Ол сондай-ақ осындай жобалар арқылы елордалық оқушылар қоршаған ортаны сақтауға, жаңашыл ойлау қабілеттерін дамытуға және тұрақты дамуға өз үлестерін қосып жатқанын айтты.
Жобаның негізгі мақсаты – суды және энергияны тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау. Ал ерекше туындының құрылымына келсек, күн панельдері арқылы қуат алатын сорғы жүйесі суды қайта айналдырады, су ысырапсыз пайдаланылып, қайта өңделеді, жасанды ағаштар, сәндік өсімдіктер мен тастар арқылы табиғи көрініс қалыптасады. Субұрқақ табиғи ресурстарды үнемдеп қана қоймай, қалалық ортаға экологиялық және эстетикалық құндылық қосады.