Бұл қаржыға 85 іс-шара өткізіледі. Оның нендей шара екені әзірге нақты айтылмай отыр.
ERNUR.KZ. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы министрлерден Астананың 20 жылдығына бюджеттен бөлінген 19 млрд. теңгенің қайда жұмсалатыны туралы сұрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ informburo.kz-ке сілтеме жасап.
"Астананың 20 жылдығын атап өтуге байланысты 18,8 миллиард теңге қаралған. Мереке 5-6 күнге созылады. Жарайды, апта бойы өтсін. Ал, мектеп пен аурухана құрылысына жеті миллиард бөлінген. Бәлкім, ол жаққа көбірек ақша бөлу керек шығар? Бұл ақша қайда жұмсалады? Осыншама қаржы жұмсаудың қажеті қанша?" – деп сауал жолдады Мұрат Бақтиярұлы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын қарау бойынша өткен Сенат отырысында.
Қаржы министрі Бақытжан Сұлтанов Елорданың 20 жылдығын тойлау жыл бойы өтетінін айтты. Бұл шараға елдің барлық өңірлері қатысады.
Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков 18 млрд 808 млн теңге 85 іс-шара өткізуге бөлінгенін жеткізді.
- Бізді Қаржы министрлігі толықтай қолдады, бұл қаржы бюджетке енгізілді. Біз бұл шараның барлығын абыроймен өткіземіз деген үміттеміз, - деді Сәкен Мұсайбеков.
Осы тұста, сенатор Ольга Перепечина депутат сауалына нақты жауап беруді талап етті. Бірақ, толық мәлімет 19 сәуір күні хатпен жолданады, деген жауап алды.
5 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 20 жылдығында облыстарға салмақ түсірмеуді ескерткен болатын.
«Біз талқылап отырған маңызды мәселе - 20 жылдық. Барлық мерекені жақсы көреміз. Шуға ұластырмау керек. Барлық облыс қатысқысы келетінін білемін - мұның барлығы бар салада болуы тиіс. Бұл мүмкіндікті пайдалану керек. Облыстарға бәрін артып қоюға да болмайды. Елорда үшін қолынан не келсе, соны жасасын. Ескерткіш қана орнатумен шектелмеу керек... көшелер, саябақтар, гүл бақтары... Тіпті жиналып, мектеп салу керек шығар. Осыған мән беру керек", - деген еді Президент.