Ерлі-зайыптының жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы болған.
фото: СС0 / congerdesign
ERNUR.KZ. Жетісу облысы Жаркент қаласында баласын аяусыз ұрған әйел диспансерлік есепте тұрған, деп жазады sputnik.kz.
Баласына қатігездік танытқан әйел 28 жаста. Ал күйеуі 30-да. Екеуі де Жаркент қаласының облыстық №4 арнайы мектеп-интернатында тәрбиеленген. Әйел ата-анасынан жетім, ал күйеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған.
"Ерлі-зайыптының жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы болған. Психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. Бұл отбасыны полиция қызметкері 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында Отбасын қолдау орталығына жеткізді. Балалар медициналық тексеруден өткізілді. Анасы полиция бөлімшесінде қалды", - дейді қалалық әкімдік.
Жергілікті әкімдік балалардың әкесімен психологиялық тұрғыда әңгімелесіп, балалармен сергіту және дамытушы ойындар ұйымдастырған.
Балалардың бірі 4, екіншісі 2 жаста. Олар Жаркенттегі "Жанұя" отбасылық қолдау орталығына орналастырылды.
"Балалар қорқып, жасқанған жоқ. Ойнап кетті. Анасының көзінше өздерін қалай ұстайтынын білмедік, бізге келгенде еш мінез-құлық көрсетпеді", - дейді орталық мамандары.
Баласын соққан әйелге қылмыстық іс қозғалды.
"Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданады", - дейді Жетісу облыстық полиция департаменті.
Балалар құқын қорғау комитеті де бұл жағдайды назарда ұстап отырмыз дейді.


