Атақты этнографтың 100 жылдығы айшықталды

0
198

Жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан мұндай іс-шаралар, танымдық жиындар мен ғылыми конференциялар әлі де жалғасын тауып, тарихи тұлға ел арасында кеңінен дәріптелуі тиіс.


Атақты этнографтың 100 жылдығы айшықталды

Биыл Түркі әлемінің туристік астанасы болып тұрған күллі түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан шаһарында көпшілікке белгілі этнограф, қазақ тарихындағы этнография саласының іргетасын қалаушылардың бірі, археология саласының майталманы, тарих ғылымдарына өлшеусіз үлес қосып, доктор, профессор атақтарын иеленген Халел Арғынбаевтың туғанына жүз жыл толуына арналған рухани-танымдық іс-шара өтті. Атақты Арғынбаевтың өмірі мен еңбегін насихаттап, қазақ халқы этнологиясындағы маңызды проблемаларды талқылауға арналған ғылыми-теориялық конференция «Ұлы дала елі» орталығында өткізілді. Аталған ауқымды іс-шараны сол мекеменің басшысы Дюсенбаева Гүлжанат ашып, ұйымдастырылған жиынның мән-маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, этнограф, Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Абдраманов Ербол аталған ғылым жөнінде мол мағлұмат айтып берді.


Көне тарихтың жәдігерлері сақталған орталықта өткен бұл жиынға өңірдегі ЖОО-лар мен колледждердің студенттер, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Конференция барысында ғылымдағы орнын белгілеп үлгерген ғалымдардан бөлек, бірнеше оқу ордасында білім алатын болашақ зерттеушілер де әңгімеге араласты. Олар дайындаған баяндамалар қазақ халқының біртуар перзентінің ғұмыры мен еңбек жолына, этнография саласына қосқан үлесі мен зерттеулеріне бағытталған.


Конференция барысында айтылған мәліметтерге сүйенсек, туылғанына жүз жыл толып отырған ғалым қазақ жеріндегі этнографияның негізін қалаған академик Әлкей Марғұлан мектебін әрмен қарай дамытуға еңбек сіңірген. Оның ғылыми-танымдық туындылары қазақтардың отбасылық өмірі, некелесуі, жалпы тұрмыс-тіршілігіне негізделген. Ол қазақ жұртының қолданбалы қолөнерін де көптеген жыл бойы зерделеген ғалым.


Ресми деректерде Халел Арғынбайұлының 1924 жылдың 21 қыркүйегінде Павлодар өңіріндегі Баянауыл ауданына қарасты Жамбыл елді мекенінде дүние есігін ашқандығы баяндалған. Ол 15 жасында Қапал педагогикалық училищесіне оқуға қабылданып, үш жыл жоғары білім алған. Ал, он сегіз жасында жауынгерлер қатарына қосылып, қан майданда байласы саласында қызмет атқарған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін Венгрия, Австрия, Румыния, Молдава, Украина, Югославия сынды бірнеше ел аумағындағы әскери қақтығыстарға үлес қосқан. Білімге құштар Халел соғыстан кейін де оқу процесін жалғасытырып, 23 жасында Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы мемлекеттік институтқа оқуға қабылданған. Сол оқу ордасында бес жыл білім алған Арғынбайұлы білім саласына жауаптылардың бұйрығымен Панфилов шаһарындағы оқу орнына Бас оқытушы қызметіне барады. 1954 жылға дейін сонда КСРО және Қазақ КСР тарихы боынша білім беріп, өз танымын тереңдете түсу үшін Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология мен этнография саласына негізделген институттың аспиранты атанады.


Ал, 1959 жылдан 1976 жылға дейін ел аумағында жүргізілген этнографиялық экспедицияларға жетекшілік еткен. Тиісінше, қазақ және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық картасын жасауға үлес қосып, екі жүзден аса ғылыми еңбек жазып шығады. Оның арасында қазақ халқының қолөнері, ауылдық жерлердегі мәдениет пен тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мен шежіресіне қатысты еңбектер бар. Сөз басында бұл тұлғаны «қазақ тарихындағы этнография саласының іргетасын қалаушылардың бірі» деп таныстырғанымыз да сондықтан.


Тіпті, көпшілікке аты мәлім ғалым Артықбаев Жамбыл қазақ еліндегі этнография ғылымы Арғынбайұлынан басталады деп баға берген. Сондай-ақ, ол этнографтың кез келген іске асқан жауапкершілікпен қарап, асығыс-үсігіс тірлікке бармайтынын айтқан.


Тағы бір айта кетерлік нәрсе – Халел Арғынбайұлы қазақ халқы қолданған ат әбзелдеріне тұңғыш рет ғылыми бағасын беріп, олардың әрбір бөлігі мен қолданысы жайында мол мағлұмат қалдырған. Мысалы, қамшынының өзін «мүйіз сапты», «тобылғы сапты», «ырғай сапты» деген сынды жеті топқа бөліп қарастырған. Басқа да ат әбзелдерін жіктеп берген. Сондай-ақ, өзі қандай затты зерттесе, сол бұйымдардың суретін асқан шеберлікпен салып жүрген екен. Ал ол суреттері баспа беттеріне бірде-бір түзетусіз шығып отырған. Яғни, айнытпай салатын өнері де болған.


Халел Арғынбаев жайлы деректерде оның ғылыми тұрғыдан ауыз толтырып айтарлықтай еңбек еткен кезеңі 1960 жылдан 1980 жылға дейінгі кезең екендігі айтылады. Себебі, этнограф осы уақыт ішінде отызға тарта экспедициянны басқарып, еліміздің түкпір-түкпірін зерделеген. Ғалымның сол кезде жазған еңбектері бүгінгі этнографтар үшін негізгі ақпарат көзі болып саналады екен.


Сондықтан, жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан мұндай іс-шаралар, танымдық жиындар мен ғылыми конференциялар әлі де жалғасын тауып, тарихи тұлға ел арасында кеңінен дәріптелуі тиіс. Солай болады деп үміттенеміз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ