Өрт шыққан үйде көп балалы отбасы тұрып жатқан.
ERNUR.KZ. Атбасар ауданының Хрущевка селосында жер үйден өрт шығып, үш бірдей бала ажал құшты, - деп жазады Azattyq Rýhy.
Таңғы 5.19-да өрт шыққаны туралы Атбасар аудандық өрт сөндіру бөліміне хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше қызыл жалын 100 шаршы метрді шарпып үлгерген.
«40 және 41 жастағы балалардың ата-аналары мен 16 және 8 жастағы балалары үйдің терезесін бұзып шығып үлгерген. Өрт сөндіру кезінде үйдің төбесі құлап түскен. Таңғы сағат 6.40-та өрт ауыздықталып, 8.25 болғанда толықтай сөндірілді. Өкінішке қарай, 15, 13 және 12 жастағы балаларды құтқарып қалу мүмкін болмаған. Өрт сөндірушілер олардың тек мүрделерін алып шықты, - деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
Өртті сөндіруге барлығы 12 жеке құрам сарбаздары мен 2 өрт сөндіру техникасы, ерікті өрт сөндіру құрылымдарының 3 техникасы және басқа да ұйымдардың қызметкерлері жұмылдырылған. Қазір оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы жұмыс жасауда. Өрттың шығу себептері анықталып жатыр. Көкшетау қаласына өрт зертханасына сынамалар жіберілді.