Атбасарға су тасқынымен күресуге келген құтқарушылар үйлеріне қайтты

0
708

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде су тасқыны қаупі өтті.


Атбасарға су тасқынымен күресуге келген құтқарушылар үйлеріне қайтты

ERNUR.KZ. Атбасарға су тасқынымен күресуге келген құтқарушылар өз миссияларын аяқтап, үйлеріне қайтты, деп жазады inform.kz.

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде су тасқыны қаупі өтті. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 25 елді мекенде екі мың тұрғын үйді су басуына жол берілмеді, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залал барынша азайтылды.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға азаматтық қорғаныс жүйесі, Ұлттық ұлан, Ішкі істер органдарының 3 мыңнан астам қызметкері және 1,5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Облыстағы елді мекендерді судан қорғау үшін ұзындығы 45 км жасанды бөгет, инертті материал салынған 300 мыңға жуық қап дайындалды.
Су тасқынына қарсы күрестің алдыңғы қатарында Ақмола, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері, Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары мен офицерлері, 5510 әскери бөлімінің жеке құрамы, полиция қызметкерлері мен еріктілер болды.
Көктемгі су тасқыны өткен күрделі және ауқымды учаскелердің бірі - Атбасар ауданы. Қазіргі уақытта Жабай өзеніндегі су деңгейі 2,8 метрге дейін төмендеді.

Бүгін Атбасар қаласында су тасқынын жоюға қатысушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Құтқарушыларға Ақмола облысының әкімі алғысын білдіріп, бірлескен күш-жігердің арақасында су тасқынының ең жоғары кезеңдерін аз шығынмен өткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Бірлескен және жедел күш-жігердің арқасында біз су тасқынының ауыр зардаптарын болдырмауға және ең бастысы - адамдардың өмірін сақтап қалуға қол жеткіздік. Бұл істе азаматтық қорғау және ішкі істер, қорғаныс органдарының қызметкерлері үлкен жұмыс атқарды. Сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен орындадыңыздар - адамдардың өмірін, қауіпсіздігін және құқықтарын қорғадыңыздар. Біздің азаматтарымыздың тыныштығы, олардың өз әл-ауқатына деген сенімі бірінші кезекте сіздірдің сыни сәттердегі іс-әрекеттеріңізге байланысты», - деді Марат Ахметжанов.
Су тасқыны кезінде еріктілер, тұрғындардың өздері және кәсіпкерлер де үлкен көмек көрсетті.

«Қазір қалпына келтіру жұмыстары басталды. Үйлер, инженерлік инфрақұрылым салу бойынша көп жұмыстар атқаруымыз керек. Бұл бағытта біз кезең-кезеңмен жұмыс істей бастадық. Бірінші кезекте су басқан ауылдарға көлік қатынасы ашылды, барлық өтініш білдірушілерге біржолғы төлемдер басталды, материалдық шығындар есептеліп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендердің ешқайсысы да назардан тыс қалмайды», - деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, қала тұрғыны Екатерина Матрос та сөз сөйлеп, атбасарлықтар атынан барлық құтқарушыларға алғысын білдірді. Атбасар ауданында авариялық-құтқару жұмыстарына 400-ге жуық адам қатысып, 70-тен астам бірлік арнайы техника жұмылдырылды.