Ақтөбеде прокурорды пара бергені үшін 7 жылға соттады

0
1 304

Тергеу кезінде заң бұзушылықтардың көп болғанын айтқан Қадыровтың адвокаты Жұмабай Арыстанов апелляциялық шағым түсіретінін айтып отыр.


Ақтөбеде прокурорды пара бергені үшін 7 жылға соттады

17 мамырда Ақтөбе қалалық соты "Қазақстан бас прокуратурасына 40 мың доллар пара бермекші болды" деп айыпталған прокурор Эсентур Қадыровты 7 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу кезінде заң бұзушылықтардың көп болғанын айтқан Қадыровтың адвокаты Жұмабай Арыстанов апелляциялық шағым түсіретінін айтып отыр.

- Біз тергеу кезіндегі заңсыздықтар турал сот процесі барысында бірнеше өтініш келтірдік. Судья оны кеңесу бөлмесінде қарап шыққан болса керек. Үкімнің толық нұсқасы әлі қолымызға тимегендіктен өтініштерімізге қатысты судьяның жауабын біле алмай отырмыз. Қалай болғанда да, сот үкіміне разы емеспіз.Үкімді қолымызға алғаннан кейін апелляциялық шағым түсірмек ойымыз бар, - дейді Жұмабай Арыстанов.

2017 жылы тамызда Қазақстан бас прокуратурасы Ақтөбе прокуратурасының бірқатар өкілдерінің үстінен “қызметіне салғырт қарағаны” үшін іс қозғаған. Бұл іс бойынша тергеу амалдарын жүргізу Атырау облысының арнайы прокурорына тапсырылғаны хабарланды.

Іс материалдарына сәйкес, Қарғалы ауданының прокуроры міндетін атқарған Эсентур Қадыров бас прокуратураның тергеу тобына “қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін” пара беруге тырысқан. Эсентур Қадыров өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Бұл іс бойынша сот процесі сәуір айының басында басталған.

Осыған дейін үйқамақта болып, бүгін сот залынан қамауға алынған 36 жастағы Эсентур Кадыров сот үкіміне сай енді ешқашан мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды. Сондай-ақ, кіші әділет кеңесшісі атағынан да айырылды.

дереккөз: centralasian.org