Атырау облысында 81 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

0
1 117

Жоғарыдағы деректерді жою үшін облыстық білім басқармасына 26 ұсыныс жолданған.


Атырау облысында 81 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

ERNUR.KZ. Атырау облысында 81 мұғалімнің жалған дипломды пайдаланғаны анықталды. Оның 51-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ал 30-ы орта мектепте жұмыс істеген, деп жазады stan.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәіметінше, қоғамдық кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланған. Агентіктің облыстық департамент превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов кеңес мүшелерінің назарын білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне аударды.

"Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу кезінде көптеген кемшілік анықталып отыр. Мәселен, мектептерде "өлі жандар" бар. Қызметкерлер мен оқушылар саны бірдей мектептер әртүрлі қаржыландырылған. Бір қызметкер бір мезгілде 4-5 мекемеде жұмыс істеген. Кейбір білім беру мекемелерінде басшылар өздеріне лауазымдық жалақысына үстемеақы аударып отырған", - деп хабарлады Жәнібек Қаражанов.

Құзырлы орган ақпаратынша, мониторинг нәтижесінде облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 51 қызметкері мен орта білім беру ұйымдарының 30 қызметкерінің жалған дипломдарды пайдалану фактілері анықталған.

Жоғарыдағы деректерді жою үшін облыстық білім басқармасына 26 ұсыныс жолданған.

"Қызметкерлердің контингенті бойынша деректерді автоматты түрде салыстыру үшін интеграцияны қамтамасыз ету қажет. Жергілікті атқарушы орган деңгейінде бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру, бекіту процестерін автоматтандырған жөн. Білім беру мекемелеріне кіру, шығу уақытын форматты-логистикалық бақылауды белгілеу мүмкіндігімен қызметкерлерінің қатысуын бақылау секілді ұсыныстар бар", - деп мәлім етті Жәнібек Қаражанов.