Жол талғамайтын көліктің жүргізушісі екі баласы бар отбасын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Атырау облысының Доссор елді мекенінде төрт адамнан тұратын отбасын, оның ішінде екі кішкентай баланы көлік қағып кетті, деп жазады sputniknews.kz.
Оқиға 31 мамырда түнгі сағат бірде Доссор елді мекенінде болған. Отбасы жолды кесіп өте бастаған кезде оларды 33 жастағы Toyota Sequoia жүргізушісі қағып кеткен. Көлік иесі оқиға орнынан кетіп қалған, бірақ көп ұзамай ұсталды.
Жол апаты салдарынан 32 жастағы отағасы, оның 24 жастағы әйелі мен алты және бір жастағы екі баласы ауыр жарақат алды. Олар облыстық ауруханаға жеткізілді.
Жүргізушіге қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оған ірі көлемде айыппұл (2 мың АЕК-ке дейін) салынуы немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.